432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус әлем елдерінде қайтадан күш алып келе жатыр

  • 146
  • UPD: 22:41, 11.10.2020

Коронавирус індеті әлі күнге дейін дүниені дүрліктіріп келеді. Инфекцияға шалдыққандардың саны 37 миллионнан асып кетті. Қазір әлем елдері ковид-19-дың екінші толқынын болдырмаудың амалына кірісті. Бірқатар мемлекет қайтадан шектеу шараларын күшейтіп, тұрғындарды жаппай тестілеуді қолға алды.

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар саны 7 миллионнан асты. Елде бір тәулікте 74 мыңнан астам адамнан қатерлі инфекция табылған. Мамандардың айтуынша, мұндай қарқынмен үнді елі індеттің таралуы жөнінен жақын арада АҚШ-ты артта қалдыруы мүмкін. Үндістанда вирус жұқтыру деректері шілде айынан бері күрт өсіп келеді. Мәселен, соңғы екі айдың өзінде жалпы көрсеткіш 5 миллионға артқан.

Махиндер Сингх, жергілікті тұрғын:  

- Коронавируспен күресті әрі қарай жалғастырып, оның таралуын тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Әрбір азамат жиі қолын жуып, маска тағып жүрулері керек. Себебі қазіргі уақытта аман қалудың бірден бір жолы осы ғана.

Ал Непалда коронавирус жұқтырудан тәуліктік рекорд тіркелді. 24 сағатта мұнда 5 мыңнан астам адамнан ковид-19 анықталған. Осылайша елде инфекцияға шалдыққандардың жалпы саны 105 мыңға жетіп отыр. Вирусты жұқтырғандардың көбейгені сонша интенсивті терапия бөлімдерінде орын жоқ. 

Ресейде де осыған ұқсас жағдай. Бір тәулікте көршілес елде 13 мыңнан астам адам науқас деп танылды. Үшінші күн қатарынан елде тәуліктік рекорд орнап келеді.    

Сергей Собянин, Мәскеу мэрі:

- Ең басты көрсеткіш -  қанша адамның ауруханаға түскенінде. Мәселен, осы аптада емханаға жатқызылғандардың қатары тұрақты түрде 1 мыңға жетіп отырды. Бұл өте көп. Өлім-жітім деректері де қайтадан арта бастады.

Бельгияда да бір күндік көрсеткіш азаяр емес. Өткен тәулікте елде 8 мыңдай адамнан ковид-19 табылған. Бұл індет басталғалы бері болмаған көрсеткіш. Ауруханаға жатқызу деректері 60 процентке артқан. Ал өлім-жітім деректері 2 есеге өсті. Қазір бүкіл Бельгия бойынша ел астанасы коронавирустан ең көп зардап шегіп отыр. Брюссельде бір күнде 100 мың адамның 690-нынан қатерлі инфекция анықталады. Басым бөлігі 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, ел билігі шектеу шараларын одан сайын қатаңдатпақ екен.

Ал Германияда карантин шаралары күшейтіліп қойды. Бавария мен Гамбургте маска режимі енгізілді. Өйткені осы аймақтарда індет өрши бастаған. Берлинде де жағдай да ушығып кеткен. Соңғы дерек бойынша ел астанасы қауіпті аймақтардың бірі саналады. Сондықтан жергілікті билік жаңа шектеу шараларын енгізді. Енді қоғамдық көліктерде маска тағу жағы қатаң бақыланады.

Миа, Берлин тұрғыны:

- Менің ойымша, бұл өте дұрыс шешім. Әйтпесе жағдай мүлдем нашарлап кетеді. Осы шаралардың арқасында бәрі өзгеруі мүмкін.

Жалпы  коронавирустың таралуы жағынан АҚШ алда тұр. Құрама Штаттарда 7 миллионнан астам науқас тіркелген. Одан кейін Үндістан. Ал алғашқы үштікті Бразилия қорытындылайды.

Хабар 24 телеарнасы