430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде автобустар мен метрода науқас балалардың еміне ақша жинауға тыйым салынды

  • 102
  • UPD: 11:18, 12.10.2020

Ресейде айқын қайырымдылық жөнінде заң күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді автобустар мен метрода науқас балалардың еміне ақша жинауға тыйым салынды. Сондай-ақ бұл заң қаражат жиналатын жәшіктерге нақты анықтама берді. Тасымалды және тұрақты жәшіктер деп екі түрге бөлінеді. Тасымалды жәшіктерді қайырымдылық ұйым тек бұқаралық шаралары кезінде пайдалана алады. Ал тұрақты жәшік орнату үшін келісімшарт жасау қажет. Сондай-ақ жиналған қаражат туралы есеп беру ережелері белгіленді. Бұл алаяқтармен күресуге бағытталған заң. Қазіргі кезде Ресейде 18 жарым мыңнан аса қайырымдылық ұйым тіркелген. Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, жалған ұйымдар миллиардтап пайда тауып жүр.

Алаяқтардың ақша жинау әдістері белгілі. Әлеуметтік желілерде аяныш тудыратын суреттер салып, кісіге жан ашыған болып, мәтін жазады. Мысалы, дертке шалдыққан бала жайында әрі оны ажалдан арашалап алу қайырымды жандарға байланысты екенін айтады. Сол үшін дереу банк картасына ақша аударуды сұрайды.

Ольга Демичева, «Доктор Лизаның әділ көмегі» халықаралық қайырымдылық ұйымының президенті:

– Алаяқтар осыдан бірнеше жыл бұрын шынайы қайырымдылық ұйымдар көмектескен балалардың суреттерін қолданады. Ол бала әлдеқашан жазылып кетті немесе кейбіреуі көз жұмған болуы мүмкін. Оңай олжаға кенелуді ойлағанның онда жұмысы не, жанашыр болып көрініп, жұртты алдап, ақша жинайды. Қолына бір қорап алып, электрпойыздарда жүреді. Науқас балаға көмекке ақша жинап жүрміз дейді.

Түскен қаражаттың қайда баратыны, неге жұмсалатынын ешкім білмейді. Ізіне түсу де мүмкін емес. Тіпті әлгілер өз ұйымдарын қайырымдылық қор ретінде тіркеуі де ғажап емес. Яғни олардың алаяқ екенін дәлелдеу де қиынға соғады.

Екатерина Бермант, «Бала жүректері» қорының директоры:

– Не себепті дәлелдеу қиын? Өйткені қаражатының есебі жоқ. Жәшіктен ақшаны столға сілкіп, бірден үш мыңын промоутерге береді. Ереже бойынша олай жасауға болмайды. Жәшікке мөр басылуы керек. Үш адамнан тұратын комиссия ашып, бүкіл ақшаны есептеп, тіпті нөмірлерін жазып алуы тиіс. Бұл қаражаттың түгелі бір тәулік ішінде банктегі есепшотқа аударады.

Қайырымдылық қор жиналған қаражаттың 20 процентіне дейін өз қажетіне жұмсай алады. Адал ұйымдар одан да аз жұмсайды. Алаяқтар болса, керісінше, ақшаның басым бөлігін өз қалталарына салып жүр. Адал қорлар айқын есеп жүргізеді, әр тиыны қайда жұмсалғанын білуге болады. Ресейдегі қоғамдық ұйымдар бірігіп, жәшіктерді қолдану ережелерін заңды түрде белгілеуді ұсынған еді. Осылай алаяқтарды жолын кеспек болды. Өйткені адал қорлар көше мен қоғамдық көлікте ешқашан ақша жинамаған.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы