428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: Коронавирустың екінші толқыны біріншісінен де ауқымды өтіп жатыр

  • 114
  • UPD: 21:01, 12.10.2020

Коронавирустың екінші толқыны алғашқысынан да ауқымды болуы мүмкін. Сарапшылар осылай деп отыр.

Қазір Еуропада тәуліктік көрсеткіштер көктем мен жаздағы рекордтық сандардан асып кеткен. Кісі өлімі бойынша да антирекордтар жайлы мәліметтер түсіп жатыр. Ал, Австралия ғалымдары коронавирус түрлі жабындыларда әлдеқайда ұзақ сақталатынын жария етті.

Әлемдегі COVID-ахуал жайлы арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиева баяндауға дайын.

Диктор:

- Жұлдыз, мамандар нақты қай елде індеттің екінші толқыны біріншісінен де ауқымды өтіп жатқанын айтып отыр ма?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Иә, мәселен, Францияны айтуға болады. Мұнда демалыс күні 27 мыңдай жаңа дерек расталған. Мұндай тәуліктік көрсеткіш індеттің бірінші толқыны кезінде де болмаған екен.

Коронавирус түрлі жабынды беттерінде біз ойлағанннан да ұзақ сақталады. Бұған дейін COVID-19 банкнот пен шыны беттерде 2-3 күн, ал пластикте 6 тәулікке дейін сақталады деп есептелді. Алайда, австралиялық ғалымдардың хабарлауынша, бөлме температурасында вирус ақша, смартфонның беті мен тот баспайтын болаттан жасалған заттарда 28 күн сақталады екен. Жалпы оның белсенділігі қоршаған ортаның температурасына байланысты. Мәселен, 20 градус жылуда бір айдай, 30 градус жылуда 3 апта, ал 40 градустан асса, бірнеше тәулік бойы сақталады.

Шейн Ридделл, ғалым:

- Біз 20 градуста, яғни бөлме температурасында вирустың өміршең келетінін анықтадық. Яғни COVID-19 телефон экранының шынысы не пластик секілді тегіс беттерде 28 күн бойы сақталады. Біз А типті тұмауымен де ұқсас тәжірибе жүргізгенбіз. Ол кезде вирустың 17 күн бойы сақталатыны дәлелденген. Бұл COVID-19-дың өміршең әрі тұрақты вирус екенін көрсетеді.

***

Берлинде мейрамханалардың жұмыс уақыты шектелді

Ғалымдар мейрамханадағы ыдыстың да «ықтимал инфекция көзі» болуы мүмкін екенін ескертеді. Өйткені тот баспайтын болат қасық пен шанышқы жасауға қолданылады. Мейрамхана демекші, Германия астанасы Берлинде оларға түнгі 23:00-ден кейін жұмыс істеуге тыйым салынды. Жаңа ереже осы айдың соңына дейін күшін жоймайды. Ұқсас шектеулер Майндағы Франкфуртта да енгізілді. Германия канцлері індет өршіп тұрған өңірлерге 10 күн берілетінін айтты. Яғни, бұл уақыт ішінде вирустың тарауы тежелмесе, ол аймақта қатаң шектеу шаралары енгізіледі.

***

Антирекорд: Иранда бір тәулікте 250 адам көз жұмды

Иранда бір тәулікте коронавирустан 250 адам көз жұмды. Бұл эпидемия басталғалы тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Жалпы елде індеттен 28 мыңнан аса адам қайтыс болды. Қазіргі кезде 4,5 мыңдай науқас ауыр хәлде жатыр. Ауруханаларда бос орын қалған жоқ. Билік «эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына тұрғындардың сақтыққа салғырт қарауы себеп», дейді. Бүгінде Ислам Республикасының астанасы Тегеран тұрғындары қоғамдық орында маска тағуға міндеттелді.

Блиц 1:

- Меніңше, адамдарға масканы күштеп тақтырмау керек. Қазіргі жағдайда ол әркімнің жеке міндеті десем, артық айтпаған болармын.

Блиц 2:

- Негізі билік маска тағу тәртібін тым кеш енгізіп отыр. Әуелден-ақ осылай істеу керек еді. Сондай-ақ жұрттың ары-бері саяхаттауына да тыйым салынған жөн. Маска міндетті демесе, тұрғындар оны тақпаймыз деп әлек салады. Бұл жақсы ереже. Бірақ тым кеш қабылданып отыр.

***

Израильде коронавирусты қайта жұқтырудың алғаш дерегі расталды

Ал, Израильде коронавирусты қайта жұқтырудың алғаш дерегі расталды. 20 жастағы тұрғын көктемде індетпен ауырған екен. Екі аптадан кейін жазылып, қайта тестіден өткен. Ол теріс нәтиже көрсеткен. Алайда, бірнеше айдан кейін әлгі тұрғынның туыстары COVID-19 жұқтырған. Талап бойынша ол да тексеруден өтіп, індетті қайта жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы Израиль денсаулық сақтау министрлігі соңғы күндері вирус жұқтыру деректерінің күрт артуы бәсеңдеп келе жатқанын хабарлады. Демек, екінші локдаун өз нәтижесін берген көрінеді. Бірақ карантин экономикаға кері әсер етті. Мәселен, Қызыл теңіз жағалауындағы Эйлат қаласы былтыр 2,5 миллион саяхатшыны қабылдаған екен. Алайда қазір мұнда туристік нысандардың барлығы қаңырап бос тұр.

Меир Ицхак Халеви, Эйрат қаласының мэрі:

- Бірінші локдаун кезінде қаладағы жұмыссыздық деңгейі 75%-ке жеткен еді. Баласы бар әрбір үшінші отбасында ата-анасының екеуі де екі қолға бір күрек таппай қалды. Бірінші карантиннен кейін 900 бизнес ашылмады. Біз әупірімдеп қызметімізді қайта бастадық. Алайда енді қалай болары белгісіз. Күнімізді қалай көреміз? Осыны ойласам, төбе шашым тік тұрады.

***

Үндістанда эпидемиологиялық ахуал әлі жақсармай тұр

Үндістанда коронавирус жұқтыру деректерінің саны 7 миллионнан асып кетті. Сөйтіп, мемлекет әлемдік тізімде бірінші орында тұрған АҚШ-тағы көрсеткіштерге жақындады. Мамандар осы қарқынмен Үндістан АҚШ-тан басып озады деп топшылап отыр. Алайда билік алдағы уақытта эпидемиологиялық ахуалдың жақсаратынына сенімді. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері «биыл 14 қарашада атап өтілетін Дивали мерекесіне дейін жағдайды бақылауға аламыз», дейді. Алайда тәуліктік өсім 70 мыңнан асып тұрғанда, тұрғындар биліктің мұндай болжамына сену қиын екенін айтады.  

Рави Чанд, колледж түлегі:

- Нью-Делиде жұмыс жоқ. Қаланы айтпағанда, тіпті ауылдық өңірдің өзінде жұмыс табу мүмкін емес. Күнде қысқартулар жайлы естіп жатырмыз. Оқу орнын енді аяқтаған біз секілді жастардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Қазіргі жағдайда бізді ешкім де жұмысқа алмайды. Әсіресе, қонақүйде еңбек ететіндер қатарында екі қолға бір күрек таппай қалғандардың көп екенін білемін.

***

Қытайдың Циндао қаласында бес күнде 9 млн тұрғын тексеруден өтеді 

Ал, Қытайдың шығысындағы Циндао қаласының билігі тұрғындардың бірін қалдырмай, тестен өткіземіз дейді. Шаһарда 10-нан аса дерек тіркелген. Науқастардың барлығы шетелден оралған қытайлықтарды емдеген клиникамен байланысты. Осы ретте індеттің ары қарай тез тарап кетпеуі үшін билік қаланың бүкіл тұрғынын, яғни 9 миллион адамды бар болғаны 5 күн ішінде тексеруден өткізбек. Кейбіреулер «бұған сену қиын» дейді. Алайда ресми дерек бойынша бұған дейін COVID-19 ошағы саналатын Уханьда мамандар небәрі 10 күн ішінде 11 миллион тұрғыннан тест алған болатын.

Хабар 24 телеарнасы