429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде маска тағып жүрудің маңызы қайтадан арта түсті

  • 97
  • UPD: 14:40, 13.10.2020
Әлемде маска тағып жүрудің маңызы қайтадан арта түсті

Әлемде коронавирустың қайта күшеюіне байланысты індеттен қорғану үшін енгізілген сақтық шараларының өзектілігі артты. Әсіресе бетперде сынды қорғаныш заттының қажеттілігі күшейді. Жалпы бетперденің вируспен күресте пайдасы қандай, ол адамның індетті жұқтыруынан қаншалықты қорғайды. 

Әлемде коронавирус індеті тарағалы індеттен қорғанудың түрлі жолдары айтылып келеді. Олардың бастысы бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтап, қолды сабынмен жуып отыру. Әсіресе, дәрігерлер вакцина шыққанша вирустан сақтанудың маңызды құралы осы бетперде екеніне назар аударады. Бірқатар мемлекетте оны тағып жүру тәртібі қайта қатаңдатылған.

Валерия Аматиелло, жергілікті тұрғын:

- Бетперде тағу басқа адамдарды құрметтеу. Себебі қауіпті вируспен ойнамау керек. Мен дәрігер емеспін, заңгермін. Сондықтан осы саланың мамандарына толық сенемін. Егер олар бетперде тағуға кеңес берсе оған құлақ асу керек деп ойлаймын.

Бірақ зерттеулер барлық бетперде вирустан бірдей қорғамайтынын көрсетіп отыр. Мысалы, халық арасында көп таралған көктүсті медициналық бетперденің тиімділігі оның қанша қабаттан тұратындығына байланысты. Американдық ғалымдардың тәжірибесі осы бетперденің үш қабаттан тігілгені адамды ифекциядан жақсы қорғайтынын көрсеткен.

Мартин Фишер, Дьюк университетінің профессоры:

- Біз өз зерттеулерімізге сүйене отырып, адамдарды бетперде тағып жүруге шақырамыз. Себебі сіз маска тағу арқылы өзіңізді ғана емес,  өзгелерді де қорғайсыз.

Бетперделерге қарағанда жақсы көрінетін респиратордың да барлығы бірдей тиімді болмауы мүмкін. Айталық, қақпағы бар респиратор адамды вирустан қорғағанмен науқастың дертті жұқтыруына кедергі болмайтын көрінеді. Себебі сырттан келген ауа сүзілгенмен ол іштен сыртқа еш кедергісіз шығуы ықтимал. Осыған байланысты кей әуе компания осындай респиратормен ұшуға тыйым салды.

«Украина халықаралық әуе жолдары» компаниясының баспасөз қызметі:

«Респираторда дем алатын шағын қақпақ арқылы биологиялық материал бөлінеді. Онда жұқпалы ауруды тудыратын қоздырғыш болуы мүмкін».

Дегенмен барлық сарапшылар бетперде тағу маскасыз жүргеннен әлдеқайда тиімді дегенді айтады. Медициналық маска вирусты жұқтырып алуды азайтады. Әрі індетті таратуға да кедергі келтіреді. Егер адам бетперде тағып жүріп дертке шалдықса ауруды жеңіл қабылдауы мүмкін екен.

Авторлар: Дәурен Ақашұлы, Зауреш Байгелова

Хабар 24 телеарнасы