428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британия мен Чехияда шектеу шаралары күшейтілді

  • 49
  • UPD: 12:34, 13.10.2020

Ұлыбританияда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты ел билігі шектеу шараларын күшейтті. Дегенмен, жалпыұлттық карантин енгізу жоспарда жоқ екен.

Бұл туралы ел премьер-министрі Борис Джонсон мәлімдеді. Айтуынша, корольдік аумағында карантин жариялау экономика мен білім беру процесінің нашарлап кетуіне алып келеді. Жалпы жаңа шектеулердің ең қатаң түрі Мерсисайд графтығында енгізіліп отыр. Сәрсенбіден бастап аталған өңірде кафе-барлар, спортзалдар мен казино жабылады. Дей тұрғанмен, шенеуніктер қаржылай қолдау жағын да ұмыт қалдырмаған. Белгілі болғандай, үкімет табыс көзінен айырылған кәсіпорындарға көмек көрсету бағдарламасын тағы жарты жылға созған.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Коронавирустан зардап шеккен кәсіпорындар жәрдемсіз қалмайды. Біз экономикалық қолдау аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Әрбір бизнесмен өз қарамағындағы қызметкерге жалақысын төлеуі үшін 3 мың фунт көлемінде субсидия алады. Бұдан бөлек қосымша қаржыландыру да бар.

Чехияда да шектеу шаралары енгізілді. Өйткені елде вирус жұқтыру деректері күн өткен сайын артып барады. Тек өткен тәуліктің өзінде елде 8 жарым мыңнан астам адамнан қатерлі инфекция табылған. Сондықтан жағдайды тұрақтандыру үшін ел билігі барлық кафе-барларды, фитнес-орталықтар мен мектептерді жауып тастады. Айта кетейік, індет басталғалы бері Чехияда 120 мыңнан астам азамат вирус жұқтырды. Бір мыңнан аса кісі қайтыс болды.

Хабар 24 телеарнасы