432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нидерландта коронавируспен қайта ауырған кейуана қайтыс болды

  • 76
  • UPD: 21:06, 13.10.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 38 миллионнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең көп дерек АҚШ-та тіркеліп жатыр. Еуропада да ахуал мәз емес. Ұлыбританияда жаңа шектеу шаралары енгізілді. Өйткені елде көктеммен салыстырғанда, науқастар саны көбейген.

Соңғы мәлімет бойынша, мұнда расталған оқиғалар саны 8 миллиондық межеден асып кеткен. 220 мың америкалық көз жұмған.

Жақында коронавирус жұқтырып, емделіп шыққан Дональд Трамп сайлауалды науқанына қайта оралғанын ресми түрде жария етті. Президент мұны Флорида штатында жақтастары алдында сөз сөйлегенде мәлімдеді. Ақ үй басшысының айтуынша, дәрігерлер оның ағзасында індетке қарсы иммунитет барын хабарлаған. Содан болар, президент көпшілік алдына маскасыз шықты. Бейнежазбадан көрініп тұрғандай, жиналған жұрт та сақтық шараларына салғырт қарап, әлеуметтік қашықтықты сақтамаған. Тіпті кейбірінің маска тақпай келгенін де байқауға болады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Сіздермен жүздескеніме қуныштымын. Рақмет! Сайлауалды науқанына қайта оралғаным қандай жақсы. Бүгін көп адам жиналыпты. Маған қолдау білдіргендеріңізге алғысым шексіз. Мен індеттен айығып шықтым. Жағдайым тамаша. Тіпті осында тұрғандардың әрқайсысын сүйіп алуға дайынмын.

Трамп індеттен айыққанын қимылымен дәлелдегісі келді ме, жиналған жұрт алдында тіпті би билеп берді.

Алайда президент жағдайым жақсы дегенімен, АҚШ-тың ірі медиа ұйымдары өз тілшілерін президентпен сайлауалды науқанына бірге баруға тыйым салды. Олардың қатарында «The Wall Street Journal», «The Washington Post» секілді беделді басылымдар да бар. Негізі президенттік сайлауға бір айдан аз уақыт қалды. Доналд Трамп елдің түрлі өңірлеріне жасалатын сапарлар санын арттыруға ниетті екенін жеткізген. Журналистердің айтуынша, президенттік ұшақ ішінде жолсерік, қауіпсіздік қызметінің агенттері мен Ақ үй қызметкерлері маска тақпайтын көрінеді. Көбі екі апталық карантиннің аяқталуын күтпей, жұмысқа шығып кеткен екен. Сол себепті тілшілер өз қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын айтады.

Осы АҚШ-тағы «Джонсон энд Джонсон» компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу жұмысын уақытша тоқтатты. Оған еріктілердің бірінен белгісіз ауру түрінің шығуы себеп болған. Қазір ол дәрігерлер бақылауында. Бұған дейін аталған компанияның мамандары сынақтың үшінші кезеңіне кіріскені белгілі болған еді. Оған он шақты елден 60 мыңдай ерікті қатысып жатқан-тын.

АҚШ-та індетті қысқа уақыт ішінде қайта жұқтыру дерегі расталды. Невада штатының тұрғыны сәуірдің басында індетпен ауырған екен. Бірақ мамырдың аяғында 25 жастағы ер адамның қайтадан вирус жұқтырғаны белгілі болған. Екі оқиға арасында небәрі бір жарым ай ғана өткен. Бұл деректер беделді Лансцет журналында сипатталған. Осы күнге дейін әлемде коронавирусты қайта жұқтырудың 5 дерегі расталған. Біреуі АҚШ-та болса, қалғандары Гонконгте, Бельгия, Нидерланд мен Эквадорда тіркелді. Нидерландта індетпен қайта ауырған 89 жастағы тұрғын қайтыс болды. Кейуана қан жасушалары және иммун-тапшылығы ауруларымен ауырып келген. Екі ай бұрын коронавирус жұқтырған ол жуырда тағы да инфекцияға шалдығып, ауруханаға түсіпті. Кейін жағдайы нашарлап, арада екі апта өткенде көз жұмды.

Ұлыбританияда көктеммен салыстырғанда, қазір ауруханаға түсіп жатқан науқастар көбейген. Олардың арасында қарт кісілер көп. Әсіресе Англияның солтүстігіндегі жағдай күрделі. Дәрігерлер алдағы апталарда науқастар саны бұдан да артуы мүмкін екенін ескертеді. Ұлыбританияда эпидемиологиялық ахуал нашарлап, билік шектеу шараларын күшейтті. Ең қатаң түрі Мерси-сайд графтығында енгізілді. Ертеңнен бастап мұнда кафе-барлар, спортзалдар мен казино жабылады. Дегенмен шенеуніктер қаржылай қолдау жағын да ұмыт қалдырмады. Үкімет табыс көзінен айырылған кәсіпорындарға көмек көрсету бағдарламасын тағы жарты жылға созған.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

–– Коронавирустан зардап шеккен кәсіпорындар жәрдемсіз қалмайды. Біз экономикалық қолдау аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Әрбір кәсіпкер өз қарамағындағы қызметкерге жалақысын төлеу үшін 3 мың фунт көлемінде субсидия алады. Бұдан бөлек, қосымша қаржыландыру да бар.

Чехияда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты премьер-министр Ұлттық қауіпсіздік кеңесімен шұғыл отырыс өткізді. Соңғы екі аптада мұнда 100 мың тұрғынға шаққандағы деректер саны 493-тен асып кеткен. Бұл бүкіл Еуропа бойынша ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Сол себепті елде шектеу шаралары енгізілген. Мәселен, сауда орталықтарында тегін интернет өшірілді. Биліктің пікірінше, жастар мұндай жерлерге жиналмауы тиіс. Аталған шарадан бөлек барлық кафе-барлар, фитнес-орталықтар мен мектептер жабылатын болды.

Андрей Бабиш, Чехия премьер-министрі:

– Шектеу шараларын енгізу шешімі оңайға соққан жоқ. Алайда қалыпты өмірге қайта оралу үшін осылай істеуге тура келді. Бізге Сіздердің көмектеріңіз қажет. Сонда көктемдегідей мына вирусты жеңіп шығамыз. Біздің індетпен күресте тәжірибеміз бар. Әрекет ету жоспарымыз да дайын. Қазіргі кезде ең бастысы – ауруханаға түсіп жатқан науқастар санын азайту.

Еуроодақта коронавирус тез тарап бара жатқан елдердің бірі - Бельгия. Мұнда кісі өлімінің көрсеткіштері де жоғары. Миллион тұрғынға шаққанда 880-нен келеді. Әсіресе Валлония өңірі мен Брюссельдегі ахуал алаңдатарлық. Өткен аптаның соңында денсаулық сақтау министрі карантин енгізілуі мүмін екенін ескертті.

Жанат Эрнст, тілші:

– Бельгияда соңғы уақытта вирус жұқтыру деректері артып барады. Жалпы оқиғалардың саны 166 мыңға жуықтады. Әр 100 мың тұрғынға шаққанда, 364 деректен келеді. Еуроодақ бойынша бұл көрсеткіш тек Чехияда ғана жоғары. Сондықтан билік барлар мен дәмханалардың жұмыс уақытын қысқартты. Ал Брюссельде бұл орындар жабылып қалды. Қонаққа 3 адамнан артық кісі шақыруға болмайды. Жексенбіде елде 8 мыңға жуық дерек расталған. Бұл өткен аптамен салыстырғанда, 90 процентке көп. Ауруханаға түсіп жатқан науқастар мен кісі өлімі де артты. Қазір Брюсельдегі ауруханалар науқастарды қала шетіндегі емханаларға жіберіп жатыр.

Вирусологтар карантин жариялауға бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Егер вирустың таралу қарқыны бәсеңдемесе, аптаның соңында тәуліктік көрсеткіш 10 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл жағдайда карантин енгізуден басқа амал қалмайды дейді мамандар. Ең алдымен мектептер мен жоғары оқу орындары жабылуы мүмкін. Ал әзірге ертеңнен бастап вирустан қатты зардап шеккен өңірлерде коменданттық сағат енгізіледі. Сондай-ақ ертеңнен бастап барлық ауруханаларда жансақтау бөліміндегі орындардың 25 проценті ковид-науқастар үшін сақталады. Ал локдаунға қатысты шешімді корольдіктің қауіп-қатерді бағалау тобының мамандары қабылдайды.

Коронавирустың түрлі жабынды беттерінде біз ойлағаннан да ұзақ сақталатыны белгілі болды. Енді міне, жапон ғалымдары вирустың адам терісінде 9 сағатқа дейін қалатынын жария етті. Бұл тұмау вирусымен салыстырғанда шамамен 5 есеге ұзақ.

Мұны анықтау үшін мамандар арнайы сынақ өткізіп, адам терісіне жүз мыңдай тұмау вирусы мен ковид-19 вирусын қойған. Сөйтіп олардың жойылып кету уақытын бақылаған көрінеді. Нәтижесінде тұмау вирустары адам терісінде шамамен 2 сағатта белсенді болған. Ал коронавирус алты сағаттан 9 сағатқа дейін сақталыпты.

Хабар 24 телеарнасы