427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та ковид-вакцинаны сынап жатқан ерікті белгісіз ауруға шалдықты

  • 108
  • UPD: 19:51, 14.10.2020
АҚШ-та ковид-вакцинаны сынап жатқан ерікті белгісіз ауруға шалдықты

Әлемде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдемей тұр. Осы ретте түрлі елдер індетпен күресті күшейтіп жатыр. Бірақ көбі «қайтадан локдаун енгізбеуге қолдан келгеннің бәрін істейміз» дейді. Өйткені мұның экономикаға салдары ауыр болары түсінікті. Сондықтан індетпен күрес жүргізу мақсатында вакцина жасауға көп көңіл бөлініп отыр. Әлем елдерінде коронавируске қарсы екпені дайындау және сынақтан өткізу жұмыстары қалай жүріп жатыр? 

Дамушы елдерге коронавируспен күресуге Дүниежүзілік банк көмектеседі. 12 миллиард доллар індетке қарсы вакцина, тесттер мен дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалуы тиіс. Көп ақша бөлініп отырғандықтан препаратқа қатысты талап та күшейтіледі. Мәселен, екпе қатаң халықаралық тексеруден өтіп, АҚШ, Жапония мен Еуроодақта бекітілуі тиіс. Негізі Дүниежүзілік банк өкілдері көктемде пандемия және оның салдарымен күрес мақсатында дамушы елдерге жалпы құны 160 миллиард доллар бөлетінін жеткізген. Бұл жолғы көмек сол бағдарлама аясында көрсетіліп отыр. 

«Директорлар кеңесі дамушы елдерге көрсетілетін көмек пакетін мақұлдады. Сонда олар бөлінген ақшаға вакцинаны сатып алып, оны бөліп таратады. Біз коронавирусқа байланысты туындаған төтенше жағдайға әрекет ету шараларын кеңейтіп жатырмыз. Бұл вакцина барлығына қолжетімді болуы үшін жасалып отыр». 

Ресейде коронавируске қарсы үшінші вакцина клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Ақпаратқа сүйенсек, еріктілерде ешқандай жағымсыз әсер байқалмаған. Тіпті дене қызуының артуы да болмаған. Бұл екпе Чумаков атындағы ғылыми орталықта жасалған. Басты ерекшелігі - ол тірі вакцинаға жатады. Сынақтан өткізу жұмыстары қазір Новосибирск қаласында жүріп жатыр. Бұған дейін осы Ресей ғалымдары «ЭпиВакКорона» және «Спутник Ви» екпесін дайындаған. Соңғысын қазір қауіпті топқа кіретін мамандарға жаппай егу жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, Тверь қаласында 30 ерікті дәрігер вакцина салдырған. Барлығы да коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істейді. 

Сергей Козлов, Тверь қаласы облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

- Дәрігерлер екпені ерікті түрде салдырып жатыр. Оны вирусты жұқтыру қаупі жоғары топтағы адамдарға салдыру ұсынылып отыр. Әрине бұл енді дәрігерлер ковид-науқастармен жұмыс істегенде қорғаныс құралдарынсыз жүреді деген сөз емес. Дегенмен, екпе салдырған медициналық қызметкерлер өздерін қауіпсіз сезінеді. Біз еріктілерді таңдағанда олардың жасына көп көңіл бөлдік. Яғни жасы 40-тан, ары кетсе 50-ден аспағандарды қатыстырдық. Мәскеуде клиникалық сынақтардың үшінші кезеңі өтіп жатыр. Сондықтан екпе салғандар коронавирус жұқтыра ма, жоқ па белгісіз. Еріктілердің жасына көңіл бөлуіміздің себебі осы. Өйткені егер олар ауырып қалса да егде жастағы кісілермен салыстырғанда ауру жеңіл өтуі тиіс. 

Жалпы осы Ресейде соңғы 3 айда коронавирусты емдеуге арналған «Авифавир» дәрісінің бағасы екі есеге арзандаған. Егер маусымның ортасында оның құны 22 мың рубль болса, қыркүйекте 11 мыңға дейін төмендеген. Бұл теңгеге шаққанда 61 мың теңге шамасында. Бір емдеу курсына препараттың екі қорабы кетеді. Бірақ сарапшылар мұның орташа ресейлік отбасының қалтасы көтермейтінін айтады. Жалпы мамандар «бағаның төмендеуіне нарықта бәсекелестіктің артуы себеп болды» дейді. Осы ретте дәрінің құны әлі де арзандайтынын айтады. Ал АҚШ-та «Елай Лили» компаниясы коронавируске қарсы препартты сынақтан өткізуге еріктілерді қабылдауды уақытша тоқтатты. Компания өкілдері ең бастысы адамдардың қауіпсіздігі екенін ғана айтып, бұл шешімнің нақты себебі жайлы тіс жармай отыр. Кеше ғана осы АҚШ-та «Джонсон энд Джонсон» компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу жұмысын уақытша тоқтатты. Оған еріктілердің бірінен белгісіз ауру түрінің шығуы себеп болған. 

Автор: Жұлдыз Атагелдиева

Хабар 24 телеарнасы