429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде екінші рет жарияланған жалпыұлттық карантин тағы ұзартылды

  • 112
  • UPD: 12:13, 15.10.2020

Израиль билігі коронавируспен тиімді күрес жүргізіп жатқанына қарамастан, карантинді алып тастауға асықпай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік аурудың таралу динамикасын бақылау маңызды дейді.

Израильде екінші рет жарияланған жалпыұлттық карантин 14 қазанда аяқталуы тиіс еді. Алайда билік асығыстық танытудың қажеті жоқ дейді. Сөйтіп шектеу шараларын 18 қазанға дейін ұзартты. Билік індетпен күресте жетістіктер барын айтады. Бірақ босаңсуға әлі ерте, мамырдағы жағдай қайталануы мүмкін дейді. Көктемде шектеу шараларын бірден алып тастағанда, мұнда ауру қайтадан өршіп кеткен болатын.  

Рони Гамзо, пандемиямен күрес бойынша ұлттық штаб басшысы:

– Біз не жасыл аймаққа, не сары не қызғылт-сары аймаққа жатпаймыз. Біз әлі күнге дейін қызыл айтмақтамыз. Одан біртіндеп шығуымыз тиіс. Көктемде жіберген қателіктерге енді жол бермейміз.

Негізі қазір деректер саны 3 есеге дейін азайған. Алайда үкімет шектеулерді біртіндеп аламыз дейді. Алдымен кәсіпқой спортшыларға жаттығу жүргізуге және үйлену тойларын өткізуге рұқсат берілді. Алайда шараға қалыңдық пен күйеу жігіт және отбасы мүшелері ғана қатысуы тиіс. Ал қалған шектеулер күшін жоймайды.

Евгений Качман, Тель-Авив қаласы бірінші медициналық орталығының қызметкері:

- Кейбір ауруханаларда ковид-науқастарды қабылдайтын бөлімдерде орын жоқ. Сол үшін біз басқа бөлімдерді сондай орындарға қайта бейіндеп жатырмыз. Ал ондағы науқастарды өзге жерлерге ауыстыруға тура келеді. Сөйтіп, коронавирус жұқтырған адамдарға орындарды босатып жатырмыз.

Билік бір ғана шектеу шарасының жеткіліксіз екенін түсініп отыр. Сол үшін әлеуметтік жарнама науқаны жүріп жатыр. Онда індетпен ауырып шыққан тұрғындар өз оқиғаларымен бөліседі.

Білім беру мекемелері де бұйрық келіп түспейінше, қайта ашылмайды. Жалпы ел қазір күрделі экономикалық қиындықтарды бастан кешіріп жатыр. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 10 процентке жетті. Бұл – Израиль тарихындағы ең үлкен көрсеткіш. Еңбекке жарамды әрбір төртінші тұрғын жұмыссыз отыр. Алайда карантин сақталады. Әйтпесе жағдай бұдан да бетер ушығуы мүмкін дейді биліктегілер.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы