432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейде жоғары сынып оқушылары қашықтан оқитын болды

  • 121
  • UPD: 22:15, 15.10.2020

Коронавирустың өршуіне байланысты екі аптаға демалысқа шыққан Мәскеу оқушылары дүйсенбіде мектепке қайта оралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ барлығы емес. Армения да оқушыларды күзгі демалысқа 2 апта ерте босатты. Чехия Еуропада вирус тез тарап жатқандықтан, мектептердің барлығын жапты. Мамандарды қазір балалармен қоса, ұстаздардың жағдайы да алаңдатып отыр. Ал, әлемде вирус жұқтыру бойынша екінші орында тұрған Үндістан, керісінше, білім мекемелерін қайта ашты. Дональд Трамп та мектептердің жұмысын қайта бастауға шақырып отыр. Арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиеваны тыңдайық.

Диктор:

- Жұлдыз, жаңа Мәскеуде мектепке оқушылардың барлығы бірдей бармайды дедік қой. Сонда кімдерге рұқсат берілді?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Азамат, дүйсенбіден бастап мектепке бастауыш және 5-сынып оқушылары ғана оралады. Мамандардың айтуынша, кішкентай балалар жеткіншектерге қарағанда аз ауырады. Оның үстіне балақайларға үйде компьютермен жұмыс істеу де оңай емес көрінеді.

***

Ақ үй басшысы мектептерді қайта ашуды ұсынып отыр

АҚШ-тың 20-дан аса штатында коронавирус жұқтыру бойынша рекорд тіркелді. Кейбір аймақта ауру тіптен өршіп, мектептерді жабуға тура келді. Бірақ мұны әуелден-ақ құптамаған Дональд Трамп білім беру мекемелерін қайта ашуды ұсынып отыр. Бұған дейін президент «локдаунның пайдасынан зияны көп» дегенді алға тартқан. «Тіпті білім беру мекемелері уақытында ашылмаса, қаржыландыруды қысқартамыз», деп те ескертті. Бұл жолы Ақ үй басшысы айтқанына көндіру үшін 14 жастағы ұлын мысалға келтірді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Менің ұлым Бэррон Трамп коронавирус жұқтырды. Бірақ ол ұзақ ауырмады. Ол мұны түсінбей де қалды-ау деймін. Өйткені Бэррон жас. Ал, олардың иммунитеті мықты болады. Сондықтан балалар мектепке оралуы керек.

***

Чехияда 4500 мұғалім вирус жұқтырған

Дональд Трамп білім беру мекемелерін қайта ашқан дұрыс десе, Чехияда тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін елдегі бүкіл мектеп жабылып қалды. Биліктің мұндай шешім қабылдауына бірнеше себеп бар. Ең бастысы – бұл, әрине, індеттің тез тарауы. Мәселен, кейінгі тәулікте мұнда 9 мыңнан аса жаңа дерек тіркеліп, антирекорд орнады. Мектептердің жабылуының тағы бір себебі: Чехияда 4500 мұғалім вирус жұқтырған. Бұл тіпті індетке шалдыққан медициналық қызметкерлерінің санынан да көп.

Томаш Комрска, мектеп директоры:

- Наурыздың ортасынан маусым айына дейін жағдайдың қандай болғанын бәріміз жақсы білеміз. Салдарынан балалардың оқуға деген ынтасы азайды. Оқу жылы басталып, оқушылар тәртіп пен жауапкершілікке қайта үйреніп келе жатқан еді. Алайда мектептер жабылып қалды.

***

Ресейде жоғары сынып оқушылары қашықтан оқиды

Ресейде қазанның он тоғызында оқушылардың күзгі демалысы аяқталады. Ал Мәскеу қаласының билігі  мектептерде тек бастауыш сыныптардың оқушылары оқиды деген шешім қабылдады. Қалғаны қашықтан оқитын болды. Мәскеудегі тілшіміз Дана Нұржан бізбен тікелей байланыста.

Диктор:

- Қайырлы кеш, Дана! Неліктен оқушыларды осылай бөліп отыр?

Дана Нұржан, тілші:

- Қайырлы кеш! Иә, күзгі демалыстан кейін тек бастауыш сынып оқушылары мектепке баратын болды. Мұның екі себебі бар. Балаларда COVID дерті жеңіл өтеді әрі бастауыш сынып оқушыларын қашықтан оқыту қиын. Ал жасы келген мұғалімдерді қорғау үшін Мәскеуде тьюторство деп аталатын оқытудың жаңа әдісі қолданылады. Студенттер сабақ береді, ал ұстаздар қашықтан қадағалайды. Қазір күн сайын анықталатын науқастар саны көктемгі көрсеткіштерден екі мыңға асып кетті. Бірақ мамандардың айтуынша, аурудың асқынуы азайған.

Александр Арутюнов, Еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы:

- Өткен жарты жылда науқастарды емдеудің алгоритмдері қалыптасты. Қай уақытта не істеу керектігін нақты білеміз. Осы дертті емдеуге қатысты сегізінші нұсқау шығарылды. Таңертең қызыл аймаққа барып қайттым, сондықтан сеніммен айта аламын. Ауруы асқынған науқастардың саны азайды, ал емдеу алгоритмдері жетілдірілді.

Үкімет карантин шараларын қатайтуға асықпай тұрғанының себебі де осы болуы мүмкін. Балабақшалар әдеттегідей жұмыс істеп жатыр. Ал спорт, балалар үйірмелері қарашаның біріне дейін жабық болады.

***

Армения оқушылары күзгі демалысқа ерте шықты

Армения оқушылары күзгі демалысқа ерте шығады. Негізі 2 қарашаға дейін оқуға тиіс еді. Бірақ қазір елде коронавирус өршіп тұр. Сол себепті күзгі демалыс екі аптаға ертерек, яғни бүгіннен басталып, 29 қазанға дейін жалғасады. Балалар одан кейін мектепке қашан оралатыны әзірге белгісіз. Бұл жайт келесі дүйсенбіде белгілі болады. Сонымен қоса, елдегі мектепке дейінгі мекемелер, музыкалық және спорттық мектептер екі апта жұмыс істемейді. Училище, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтан білім алады.

***

Үндістанда мектептер қайта ашылып жатыр

Армениядағы оқушылар бүгіннен бастап демалысқа шықса, Үндістанда балалар керісінше, мектепке оралдыс. Мұнда оқу жылы қыркүйекте басталу керек еді. Алайда эпидемиологиялық ахуалға байланысты бір айға кейінге шегерілген. Сөйтіп, билік 15 қазаннан бастап мектептерді ашуға рұқсат берді. Бірақ мұны әр штат басшылығы сол өңірдегі жағдайға қарай өздері шешеді. Дегенмен, елде індет өршіп тұр. Расталған деректер саны 7,5 миллионға таяп келеді. Сондықтан кейбір штаттарда мектептердің әзірге ашылмай қалуы да ғажап емес. Оның үстіне мұнда балалар да партаға қайта отыруға асығып жатқан жоқ. Кейбір мәлімет бойынша оқушылардың 40%-і мектепке барғысы келмейді. Балалар «мынадай қиын кезеңде жұмыс істеп, ақша тапқанымыз артық» дейді.

Хабар 24 телеарнасы