428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Францияда денсаулық сақтау министрінің үйіне тінту жүргізілді

  • 87
  • UPD: 21:37, 16.10.2020

Коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдемей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірер күн бұрын әлемде 381 мың адамнан вирус анықталып, антирекорд орнаған еді. Алайда кейінгі тәулікте одан да асып кетті. Яғни 400 мыңға жуық адам дертке шалдыққан. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Жаңа деректердің шамамен 40 проценті Еуропада тіркелген.

Еуропадағы ең күрделі жағдай Францияда. Кейінгі тәулікте мұнда 30 мың 621 жаңа дерек расталып, антирекорд орнады. Бір күн бұрын ғана 22 мың 600-ге жуық оқиға тіркелген еді. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты елде қайтадан төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Ол 4 аптаға жалғасады. Бірақ билік қатаң шара қарашаның аяғына дейін созылуы мүмкін екенін айтады. Төтенше жағдаймен қоса бүгін түннен бастап Париж бен тағы 8 қалада коменданттық сағат енгізіледі. Түнгі тоғыздан таңғы алтыға дейін тұрғындар тек қызмет бабы бойынша не дәрігерге қаралуға, я сапарға аттанған жағдайда ғана тысқа шыға алады. Талаптың сақталуын сол өңірлерге қосымша жіберілген 12 мың полицей қадағалайды. Ережені бұзғандар 135 еуро айыппұл төлейді. Бұл теңгеге шаққанда 68 мың шамасында. Қызметкерлер қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшірілуі тиіс. Коменданттық сағат жарияланған шаһарларда мерекелік шаралар мен сауық кештерін өткізуге тыйым салынады. Яғни түнгі тоғыздан кейін барлық мекемелер жабылуы тиіс. 

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

– Коменданттық сағат енгізілетін аймақтарда күндіз де тәртіп қатаңдатылады. Мысалы, мейрамханаларда ішімдік ішуге тыйым салынады. Спорттық залдарда балалар мен кәсіпқой спортшылардан басқа адамдардың жүруіне болмайды. Азаматтар жауапкершілік танытып, шектеулерді сақтайды деп сенеміз.

Мемлекет шектеу шараларын қатаңдатып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Алайда биліктің індетпен күрес жүргізуіне көңілі толмайтындар да табылды. Мәселен, мұнда бірқатар шенеунікке қатысты тергеу жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрі мен тағы бірқатар жоғары лауазымды тұлғаның үйінде тінту жүргізілген. Өйткені сотқа 100-ге жуық арыз түсіпті. Шағымданушылар қатарында медициналық қызметкерлер, полицейлер мен коронавирустан көз жұмған марқұмдардың туыстары бар. Олар бетперде мен өзге де қорғаныш құралдарының тапшылығы жайлы және биліктің қажетті шешімдерді уақытылы қабылдамағанын айтады. Денсаулық сақтау министріне тағылған айыптарға қатысты премьер-министр де пікір білдірді.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

– Мен сот органдарының шешіміне қатысты түсініктеме бере алмаймын. Дегенмен денсаулық сақтау министрі Оливье Веран туралы айта аламын. Оның осы қызметке келгеніне бірнеше ай болды. Министр мырза күн демей, түн демей еңбектенеді. Тіпті демалыс күндері жұмыста жүргенін өз көзіммен көргем. Ол уақыты мен білімін қазіргі дағдарыстан шығуға жұмсап жатыр.

Нидерландта бір күнде 8 мыңға жуық адам вирус жұқтырды. Бұл да рекордтық көрсеткіш болып тұр. Соңғы айда деректер саны айтарлықтай артып барады. Сол себепті мұнда дәмхана, барлар мен мейрамханалар жабылды. Сонымен қоса кешкі сегізден кейін ішімдік пен марихуана сатуға тыйым салынды. Үйдегі қонақ саны 3 адамнан аспау керек. 4 адамнан артық жиналуға болмайды. Билік шектеу шаралары кемі 14 күнге созылатынын айтады. Алайда тамақтану орындарының жабылуына қатысты сын айтушылар көп. Негізі былтырғы көрсеткіш бойынша, бұл салада 539 мың адам еңбек еткен. Бұл – шамамен жергілікті халықтың 3 проценті.

БЛИЦ:

– Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін азаматтарға қиын болды. Мейрамханалар мен дәмханалар жабық тұр. Салдарынан қаншама адам жұмыссыз қалды. Мен Колумбия азаматшасымен. Осында жұмыс істеймін. Алайда бәрі жабылып қалғасын, маған жалақы төленбейді. Енді жақындарыма ақша жібере алмайтын болдым.

– Менің мейрамханам жабылып қалды. Алайда банк алдындағы берешегіміз бар, осы күнге дейін жұмыс істеген қызметкерлердің жалақысын да төлеу керек. Вирус қолдан жасалған. Мұның бәрі адамдарды үрейде ұстау үшін керек деген алыпқашпа әңгімеге жеке өз басым сенбеймін. Алайда статистикаға қарасақ, қоғамдық тамақтану саласының үлесіне деректердің тек 3 проценті ғана келеді. Мен вирусолог емеспін. Бірақ неге тамақтану орындары жабылғанда, супермаркеттер мен құрылыс заттарын сататын дүкендер жұмыс істеп тұр?

Англияда үш сатылы локдаун жүйесі енгізілгені белгілі. Үшінші, яғни ең жоғарғы қауіп деңгейі Англияның солтүстік-батысындағы Ливерпуль қаласында жарияланып отыр. Қазір мұнда пабтар, мейрамханалар, казино, спорт залдары мен букмекерлік кеңселер жабылды. Тұрғындар қонаққа бара алмайды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Иә, «Битлз» тобының отанында жағдай мәз емес. Соңғы уақытта Ливерпульде коронавирус күшейіп тұр. Айта кетерлігі, бұл – Англиядағы қатаң шектеулер жарияланған алғашқы аймақ. Мұнда қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындары жабылған. Бірақ мектептер мен кеңселер жұмыс істейді. Биліктің бұл шешіміне жергілікті халық наразы. Себебі жұмыс орындары қысқарып жатыр. Англияның тағы бір ірі қаласы – Манчестерде де қатаң шектеулер енгізілуі мүмкін. Мұнда тіпті қала мэрі Энди Берннің өзі үкіметтің ұйғарымына қарсы шықты. Оның айтуынша, егер ресми Лондон зиян шегуі мүмкін мыңдаған кәсіпорынға қаржылық қолдау көрсетпесе, Манчестер локдаунға түспеуі керек. Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок мәселеге түсіністікпен қарауға шақырды.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

– Англияның солтүстік-батысындағы жағдай өте ауыр. Науқастар саны күрт өсуде, соңғы 12 күнде ауруханаға түскендер саны екі есеге артты. Сондықтан мен жергілікті басшыларды мәселені саясиландырмай, қажетті шараларды қабылдау үшін бізбен бірге жұмыс істеуге шақырамын.

Саутгемптон университетінің зерттеушілері СOVID-19 ауруының қаншалықты күрделене түсетінін алдын ала анықтайтын жаңа тест ойлап тапты. Мұндай тест болашақта науқасқа қандай көмек қажет екенін бірден білуге ықпал етпек. Ғылыми жаңалық цитокиндердің, яғни дабылды молекулалардың арқасында жасалды. Коронавирусқа шалдыққан кейбір науқастардың ағзасының сезімталдығы жоғары болғандығы соншалық, ол өте көп цитокиндер шығарады. «Цитокиндер шоғыры» ағзаның жасушалары мен тіндерін бұзып, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты емдеуге қолданылатын танымал дәрілердің тиімділігі аз екенін жария етті. Әңгіме ремдесевир, гидроксихлорохин, лопинавир және интерферон препараты жайлы. Мамандар 11 мың науқастың қатысуымен жүргізілген тәжірибе деректерін жіті тексеріп шыққан. Сөйтсе, аталған дәрілер коронавирус кезінде өлім қаупін азайтпаған екен. Жоғарыда айтылған тізімдегі Ремдесивирді америкалық компания жасап шығарған. Ол әуелде Эбола безгегін емдеуге арналған болатын. Алайда көктемде зерттеу жүргізіліп, АҚШ пен Еуроодақта осы препаратты вирусты емдеуде қолдануға рұқсат берілген. Дәл осы дәріні тіпті тақауда ауырған Дональд Трамп та қабылдағанын айтқан. Шілде айында америкалық ғалымдар оның өлім көрсеткішін азайта алатынын жария еткен еді. Алайда бұл деректер бақылау мақсатындағы зерттеулермен расталмаған болып шықты.

Хабар 24 телеарнасы