428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ангела Меркель: Жағдайымыз бірінші толқыннан да қиын

  • 107
  • UPD: 09:57, 18.10.2020

Германия президенті Франк-Вальтер карантинде отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеке күзет қызметкерлерінің бірінен коронавирус табылғаннан кейін ол осы талапқа бағынды. Бірден ПТР тапсырған, алайда қауіпті вирус анықталмаған. Жақын арада ел президенті қайта тест тапсырады. Күдігін сейілтіп, жұқпалы дертті терістесе жұмысқа қайта оралады. Бірақ оған дейін қызметін қашықтан атқара береді. Соңғы күндері Германияда коронавирус күшіне мініп тұр. Мысалы, кеше 8 мыңғы жуық тұрғыннан қауіпті вирус анықталған. Бұл – енді тіркелген дерек тұрғысынан алғанда жаңа антирекорд. Мұндай жағдай тіпті көктемде де болмаған. Канцлер Ангела Меркель халыққа үндеу жариялап, қауіпсіздік мәселесіне аса мән беруге шақырды. Отбасылық мерекеден бас тартуға кеңес берді. Себепсіз көшеге шығу азаматтардың өзі үшін де, қоғам үшін де қауіпті екенін ескертті.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Вирус тез тарап жатыр. Тіпті жағдайымыз бірінші толқыннан да қиын дер едім. Алда күрделі кезең күтіп тұр. Соны сезінуіміз керек. Және өзімізге үлкен жауапкершілік жүктелуі тиіс. Мейлінше оқшау болсақ, соғұрлым індетті тежеуге өріс ашылады. Кез келген уақытты өз пайдамызға шешуіміз керек. Маған жұққан жоқ деген көңіл күйден арылып, жұқтырып алмаудың жолын іздеу керек. Ол ұғынықты жол, бір бірімізге құрметпен қарайық. Санаға салайық. Жеке қауіпсіздікті шыңдайық. Қиын емес қой.

Париж көшелерінде кісі азайды. Жүргіншілер жоқтың қасы. Жуырда ел президенті Эммануэль Макрон қалаларда түнгі уақыттарда коменданттық сағат енгізілгені жайында бұйрыққа қол қойған. Коронавирустың кең тарай бастағаны жергілікті биліктің жедел шешім қабылдануына себеп болды. Коронавирустың өршуіне көбіне ойын-той себеп болатынын алға тартқан Макрон отбасылық мерекелерді кейінге ірке тұру тиімді екенін атап айтты. Өйткені жақын арада ауруханалар науқастарды орындардың толып кетуіне байланысты қабылдай алмайтынын тілге тиек етіп, жұртты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Кейбір азаматтар әлгі ескертуге шекеден қарайтын секілді.

БЛИЦ:

- Сенбілік кеште қыдырушы едік, енді қиын соғып тұр. Сағат бар болғаны тоғыз, ал біз үйге кетуге мәжбүрміз. Бұл қалай болды сонда?

– Достармен шүйіркелесу, әңгіме айтып шай ішу жайына қала ма тағы да? Енді тек күндіз бас қоса алады екенбіз. Бұл шешім біздің бостандығымызды шектеуге ғана бағытталған секілді. Билікке салсаңыз, біз тек жұмыс істеп, сосын үйімізге қайтуымыз керек екен. Қызық.

Бірнеше айға созылған үзілістен кейін Нью-Йорк маңындағы кинотеатрлар өз жұмысын жалғастырады. Штат губернаторы тиісті шешімге қол қойды. Кино көруге ұмтылғандар 23 қазаннан бастап билет ала берсе рұқсат. Рас, залдағы көрермен саны 50 адамнан аспайды. Әрі бәрі маска киетін болады. Санитариялық жағдайға да жете мән беріледі. Желдеткіштер жақсы жұмыс істеуі тиіс. Өзге де талаптар пысықталады

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

- Егер жұрт тәртіпті сақтаса, қауіпсіздік ережелеріне мұқият қараса вирус тарай қоймас. Ал мән беріп қарасаңыздар, коронавирус көбіне сол адамдар тығыз орналасқан жерлерде, онда да санитария талаптарын ескермейтін орындарда белең алуда. Киноға келушілер ережені ескереді деген үміттемін.

Хабар 24 телеарнасы