422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәскеуде волонтерлер қатаң карантинде отырған жұртқа көмектесіп жүр

  • 92
  • UPD: 15:20, 19.10.2020

Ресейде  бір тәулікте 15 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды. Соған байланысты бүгінен бастап Мәскеуде карантин талаптары қатаңдатылды.

Түнде істейтін орындарға кіру үшін алдын ала тіркелу қажет. Ал ойын-сауық орталықтарына бару үшін ұялы телефон номері арқылы QR-код алу қажет. Қазір жасы 65-тен асқан тұрғындардың қалада жүріп-тұруы шектелді. Созылмалы ауру бар адамдардың да үйден алысқа ұзауына болмайды. Уақытша қиындыққа тап болған бұл азаматтарға волонтерлер көмек беріп жатыр.

Станислав Геворкян – Ресейдің  халық шаруашылығы академиясында оқиды. Пандемия кезінде қариялар мен созылмалы ауруы бар адамдарға  волонтерлер қол ұшын бергелі жатқанын жақында білген. Игі іске өзі де ойланбастан кіріседі. «Мосволонтер» орталығының мамандары оған жәрдемдесудің жолдарын жан-жақты түсіндірді. Мұнда санитарлық талаптардың сақталуы ғана емес, психологиялық көмек те ескеріледі.

Илья Гусев, «Мосволонтёр» орталығының қызметкері: 

- Әжелер мен аталар бөтен кісіге, әсіресе волонтерлерге сезікпен қарайды. Сол үшін  бізде көмек берудің тұтас жүйесі жасақталған. Әр өтініш нөмірленеді. Осы арқылы қариялар келіп тұрған алаяқ емес, жанашыр жан екенін түсінеді.

 Жалпыресейлік «Біз біргеміз» акциясы коронавирустың бірінші толқыны кезінде де болды. 28 қыркүйектен елде жағдай ушығып, қайта қолға алуға тура келді. Мәскеудегі штабқа күніне шамамен  60-қа жуық өтініш түседі екен. 

Дарья Маслова, « Біз біргеміз» акциясының мәскеудегі штабының үйлестірушісі:

- Бұл іс-шара 28 наурызда Мәскеуде бастау алды. Одан бері қатарымызға 21 мың адам қосылды. Олар жоғары сынып оқушылары, студенттер, жүрегінде мейірімі бар өзге де азаматтар. Бүгінде еріктілер 33 мыңнан астам өтінішті орындады.

Өтініш қолына тигесін Станислав көрсетілген мекенжайға барады. Ал оған дейін қажет дәрі-дәрмек пен азық-түлік сатып алуы қажет. Бастысы, түбіртекті суретке түсіруді ұмытпаған жөн. Себебі, есеп-қисап сұралады. Пәтер алдында қоржынды қалдырмас бұрын маска мен қолғабын да ауыстыруы міндетті. Бұл егде жастағы кісірлердің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.

Станислав Геворкян, волонтёр:

- Мен волонтер болып, қайырымды іске өз үлесімді қосқым келді. Менің де жасы үлкен жақындарым бар. Олар да үйде. Індет бізді ізгі болуға үйретті.

«Біз біргеміз» жобасы аясында қариялар тек азық-түлік пен дәрі ғана емес, психологиялық көмек те ала алады. Ол үшін қауырт желіге хабарласса болғаны. 

Назерке Тоқжанова, Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы