425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Уэльс мемлекеті 17 күнге карантинге жабылады

  • 111
  • UPD: 09:39, 20.10.2020

Біріккен Корольдік құрамына кіретін Уэльс мемлекеті 17 күнге карантинге жабылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі елде коронавирусқа шалдыққандар саны артып, ауруханаларда бос орындар қалмай барады. Уэльс үкіметі локдаун кезінде кіріс көзінен айырылуы мүмкін шағын және орта бизнес иелеріне 300 миллион стерлинг фунт көлемінде қаражат бөлуді ұйғарып отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Біріккен Корольдіктің әкімшілік-саяси аумақтарының бірі Уэльсте жағдай ушығып барады. Өткен аптада коронавирус инфекциясына 4127 адам шалдыққан. Осыған байланысты Уэльстің бірінші министрі 23 қазаннан бастап 9 қарашаға дейін қатаң шектеулер енгізілетінін мәлімдеді. Локдаун ережелері наурызда болған жағдайға ұқсас: адамдарға үйден шығуға болмайды, қашықтан жұмыс істеуге, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда ғана сыртқа шығуға кеңес беріледі.

Марк Дрейкфорд, Уэльс бірінші министрі:

- Аса маңызды емес барлық бөлшек сауда дүкендері, демалыс орындары, қонақ үй және туризм нысандары наурыз айындағы локдаундағыдай жабылады. Кітапханалар және қоқыстарды қайта өңдеу орындары, зиярат ету мекемелерінің жұмысы тоқтатылады.

Жергілікті тұрғындарға қонаққа баруға және көшеде жиналуға тыйым салынады. Жалғыз тұратын қарт кісілерге жақындарының үйлеріне көшіп алуға кеңес беріледі. Мектептер каникулдан кейін қайта жұмыс істейтін болады, бірақ тек 7-8-сынып оқушылары үшін. Қалғандары қашықтан білім алады. Студенттерге шектеу жоқ, оларға университетке барып та, онлайн оқуға да мүмкіндік берілді. Уэльсте оннан астам қазақстандық студент білім алып жатқанын айта кетейік.

Мұхит Құлмағанбетов, Кардифф университетінің PhD студенті:

- Шынымды айтсам, Уэльс тұрғындары осы шектеулерден өте шаршады. Барлығымыз да тезірек қалыпты өмірге қайтып оралғымыз келеді. Алайда қазірге дейін әлі ешқандай вакцина ойлап табылған жоқ. Сондықтан осы шектеулерді қабылдауға тура келеді. Мен дәл қазір өзім осы университетте лабораторияда жұмыс жасап жатырмын. Барлық санитарлық ережелерді сақтап және басқа адамдармен аз контактіде болуға тырысып жатырмыз.

Ұлыбритания полициясы үшін жергілікті Денсаулық сақтау қызметінің бүкіл ақпараты қолжетімді бола түсті. Енді тәртіп сақшылары оқшаулануы тиіс науқастарды аңдымақ. Талаптарды орындамаған адамдар алғашқыда 1000, тағы қайталағандары 10 000 фунт көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

 

Хабар 24 телеарнасы