423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытай экономикасы дағдарыстан қуатты шықты

  • 208
  • UPD: 23:00, 20.10.2020

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша коронавирус пандемиясының салдарынан әлем экономикасына 28 трлн доллар шығын келеді. Карантиннің кесірінен өндіріс көлемі қысқарып, жұмысшылардың саны бірнеше есеге азайған.

Қордың экономикалық кеңесшісі пандемияның кесірінен келген қаржылық қиыншылықтан құтылу оңайға соқпайды деп топшылайды. Экономикалық әл ауқаты әлсіреген елдердің ес жиюы үшін бір емес, бірнеше жыл уақыт кетуі мүмкін. Салдарынан түрлі саладағы инвестиция көлемі азайып, халықты жұмыспен қамту қиындайды. Сонымен қатар, білім беру жүйесі де бірқатар қиыншылықтарға ұшырайды. 

Гита Гопинат, ХВҚ Бас экономисі:

- 2020 жылы әлемдік өндіріс көлемі 4,4 процентке қысқарады. Болжам бойынша жыл соңына дейін 90 млн адам кедейшіліктің зардабын тартуы мүмкін. Дағдарыстан әсіресе жастар мен тұрмысы төмен азаматтар қатты зардап шекті. Тығырықтан шығу ешкімге оңай соқпайды. Бұл аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға да байланысты болады. 

Халықаралық валюта қорының мәліметінше Испания Еуропадағы ең көп зардап шеккен ел. Мәселен биыл мемлекеттің жалпы ішкі өнімі 13 процентке құлдырады. Бұл Еуропа аймағындағы өзге елдермен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіш. Испаниядан кейін Перу, Ливан мен Венесуэла тұр. Сарапшылар аймақта көбінесе туризм саласы есеңгіреп қалғанын айтады. Егер бұған дейін Испанияға жылына 80 млн саяхатшы келсе, бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 12-13 процентін құраған еді.  Енді  қызмет көрсету компанияларының шығыны шаш-етектен. Сондықтан Каталония орталық билікке салықтық мараторий жариялауды өтініп отыр. 

Пере Арагонес, Каталония басшысының міндетін атқарушы:

- Мадрид кәсіпкерлердің карантиннен келген шығынын өтеуге қол ұшын созуы керек. Барлар, мейрамханалар, спорт және ойын-сауық мекемелерінің жұмысы қатты зардап шекті. Сән салондары мен саябақтардың тірлігі де тұралап қалды. Тығырықтан шығу үшін билік салықтық мораторий енгізіп, өзге де жеңілдік ұсынуы тиіс. Бүгінде көптеген компаниялардың жұмысы тоқтап тұр. Бірақ салық төлеу ережесі бұрынғы қалпында қалды. 

Құрама Штаттары Бразилиямен экономикалық ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Бұл Оңтүстік Американың дағдарысқа төтеп беруі үшін жасалып жатқан әрекет көрінеді. Осылайша АҚШ Бразилияның алпауыт жекеменшік банкіне 400 млн доллар мөлшерінде несие беріп отыр. Бөлінген қаражат аймақта шағын және орта бизнесті дамытуға септігін тигізбек. Сонымен қатар, тараптар сыбайлас жемқорлықпен күрес, сауда және экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін бірнеше мәміле жасасты. 

Роберт О'брайен, АҚШ-ТЫҢ Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі:

- Екі жаққа да тиімді шешім қабылданды. АҚШ пен Бразилия арасындағы еркін сауда келісімі екі елдің экономикасына оң ықпалын тигізеді. Қиын қыстау кезеңде бір-бірімізге жәрдемдесу өте маңызды қадам деп ойлаймын. Жоба біртіндеп жүзеге асатын болады.

Қытай экономикасы биылғы жылдың үш тоқсанында 0,7 процентке өсті. Бұл ақпаратты осы елдің мемлекеттік статистикалық бюросы жариялады. Ал үшінші тоқсанда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда елдің Жалпы ішкі өнімі 4,9 процентке артқан. Негізгі экономикалық көрсеткіштерге қарағанда әсіресе тұтыну, өнеркәсіптік өндіріс және инвестиция салалары жақсы дамып келеді. Алайда сарапшылар кей салалардағы өсім көрсеткіші өзгеріссіз тұрғанын да байқаған. Бұған Еуроодақ елдері мен АҚШ-тағы коронавирус пандемиясының кесірінен енгізілген шектеулер себеп болып отыр.

Хабар 24 телеарнасы