425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-та екі аптадан кейін президенттік сайлау өтеді

  • 170
  • UPD: 20:17, 21.10.2020

Жер жаһанды жайлаған пандемия кезінде әлемнің бірнеше елінде саяси дода ұйымдастырылып, президенттік, парламенттік және жергілікті сайлаулар өз уақытымен өтеді, хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы сайлауда дауыс беру процесі әдеттегіден өзгеше. Індетке қарамастан халық азаматтық міндетін бұлжытпай атқарып, белсенділік танытып жатыр. АҚШ-та екі аптадан кейін өтетін президенттік сайлауға ел тұрғындарының 20%-і өз таңдауын жасап үлгерген. Ресей еліндегі сайлау да санитарлық талапқа сәйкес ұйымдастырылды. Енді Украина жұрты алдағы саяси шараға қамданып жатыр.

Арайлым Жақсылыққызы, тілші:

- АҚШ-та президенттік сайлаудың басталуына тура екі апта қалды. Алайда сайлаушылардың шамамен 20%-і өз таңдауын пошта арқылы жасап үлгерген. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша биыл америкалықтардың 40%-і пошта арқылы дауыс береді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Елдің әр штатында дауыс беру тәртібі әртүрлі. Тіпті бюллетеньдерге арнаған жәшіктердің түрі де бір-біріне ұқсамайды. Қазір тұрғындар індет өршіп тұрған кезде вирус жұқтырып алам деп қауіптенеді. Бірақ сарапшылар «алдағы саяси додада халықтың қатысу белсенділігі жоғары болатынына күмән жоқ», дейді. Әзірге Техас, Калифорния мен Флорида штатының тұрғындары белсенділік танытып, ең көп дауыс берген аймақтар қатарында.

Джули Уайз, Кинг округі сайлау комиссиясының басшысы:

- Биыл сайлаудағы белсенділік 90%-ке дейін жетеді деп болжаймыз. Мәселен қазірдің өзінде пошта арқылы 300 мың бюллетень келді. Өз тәжірибемде халықтың сайлауға дәл осылай қамдану белсенділігін алғаш рет көріп отырмын.

Кевин Ласк, сайлаушы:

- Шынымды айтсам, таңдау жасағанда қатты қобалжыдым. Қазіргі кезде пошта арқылы дауыс берген қауіпсіз деп ойлаймын. Денсаулықтың қамын да ойлау керек.

***

Осыдан бір ай бұрын Ресейдің барлық аймақтарында бірыңғай дауыс беру күні аяқталды. Дода коронавирус індеті өршіп тұрған кезде жоспарланғандықтан 3 күн өтті. Зейнеркерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне комиссия өкілдері келген. Кей азаматтар мемлекеттік қызметтердің бірыңғай порталы арқылы онлайн дауыс берді. Сайлау учаскілерінде барлық санитарлық нормалар қатаң сақталды.

***

Коронавирус індеті Украинада да жергілікті сайлаудың өтуіне кедергі емес. Саяси дода осы айдың 25-іне жоспарланған. Мамандар дауыс берушілерге «міндетті түрде маска тағып келу керек» деген талап қойды. Ал, сайлау комиссиясының мүшелері бетперде, қолғап пен арнайы көзілдірікпен отырады.

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Хабар 24 телеарнасы