423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-тағы сайлауалды сауалнама бойынша Байден алда келе жатыр

  • 164
  • UPD: 15:17, 23.10.2020
АҚШ-тағы сайлауалды сауалнама бойынша Байден алда келе жатыр фото: РБК

АҚШ-тың Нашвилл қаласында Президенттік пікірсайыстың соңғы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы кездесуде регламент сақталды, екі кандидат бөлінген уақытқа сай барынша аргументтерін айтуға тырысты. Қыркүйектің 29-ы болған алғашқы кездесу кандидаттардың пікір алмасуынан гөрі Трамп пен Байденнің ұрсысуымен есте қалды. Осындай мәселелерді ескерген Президенттік пікірсайыс комиссиясы бүгін спикерлердің микрофондарын өшіріп-қосып тұруды ұйғарды, яғни бір кандидатқа берілген екі минут аяқталғаннан кейін екіншісінің сөзін бөлмеуі қадағаланып отырды.

Жалпы регламент бойынша 90 минутқа созылған пікірсайыста бас-аяғы алты тақырып талқыланды. Оның алғашқысы пандемиямен күрес және вакцинаның айналасында болды. Бұл тақырып маңыздылығы бойынша америкалық сайлаушыларды мазалайтын ең өзекті тақырыптардың бірі. Қазірдің өзінде 8,6 миллион америкалық вирусты жұқтырып, 230 мыңға жуығы қайтыс болды. 12 миллион адам жұмыссыз отыр. Жағдай күннен күнге ушығып келеді. Пандемия тақырыбының маңыздылығын кандидаттар да толықтай біліп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Бұл біздің елде ғана емес, әлемде болып жатқан пандемия. Егер менің шешімім болмағанда қайтыс болғандардың саны 700 000-ға дейін жетер еді. Бұл вирус біздің елде жойылып келе жатыр. Біз вентиляторлық құрылғыларды өзіміздің елге ғана емес, әлем елдеріне де таратып жатырмыз.  Байден 47 жылдың ішінде ештеңе бітірген жоқ.

Джо Байден, АҚШ президенттігіне үміткер:

- Трамп шекараны бірінші болып жапқан жоқ. Оған дейін 40 мемлекет шекараларын жауып үлгерген еді. Түсініңіздерші, күніне мыңдаған адам өлім жатыр.  Мен Президент болсам, жаппай тестілеуді қолжетімді етемін. Мектептердегі жағдайды жөндеймін. Трампқа қарағанда, менің жоспарым бар.

Негізі сайлауалды сауалнама бойынша Байден сөзсіз алда келе жатыр, тіпті 2016 жылы Трампқа дауыс берген Пенсильвания, Мичиган, Аризона сияқты штаттардың өзі Байденді қолдап отыр. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, қандай да бір қорытынды шығаруға немесе кімнің келесі Президент боларын айтуға әлі де ерте.

Хабар 24 телеарнасы