422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Түркияда жерлеу және жаназа шығару рәсімдеріне өзгеріс енгізілді

  • 205
  • UPD: 19:18, 25.10.2020

Түркияда коронавирустың тез таралуына байланысты жерлеу және жаназа шығару рәсімдеріне өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бірқатар провинцияда көз жұмған кісінің аты-жөні ғана жарияланады. Ал жаназа шығару орны мен уақытын айтуға тыйым салынды. Сондай-ақ мұндай жиындарға тек ет жақындары ғана қатыса алады. Эпидемологиялық жағдай ушыққан соң, билік осындай қадамға баруға мәжбүр.

Түркияда коронавирус қайта өрши түсті. Елдің ішкі аймақтарында қауіпті індетке шалдыққандар көбейіп, бірқатар провинцияда ауру жұқтырғандар саны 50% артты. Елде пандемияның бірінші толқынында екі рет шарықтау шегі тіркелген болатын. Билік бұл жолғы өсім деңгейі алдыңғыларымен салыстырғанда күрделі дейді.

Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:

– Анадолыда коронавирустың екінші шарықтау кезеңі. Вирустың алғашқы шарықтау кезеңін 14 сәуірде, ал екіншісін қыркүйек айында өткердік. Ааймақтарда сақтық шаралары күшейтіліп, қажетті нәтиже алынды. Дегенмен қазір жағдай бұрынғымен салыстырғанда күрделі.

Елдің бас дәрігерінің айтуынша, коменданттық сағат енгізілмейді. Дегенмен қоғамдық жерлерде сақтық шаралары күшейеді. Мәселен, бірқатар провинцияларда қоғамдық көліктерге міну үшін жолаушылар COVID-19 бақылау бойынша веб-қосымшасынан алынған арнайы «кодты» көрсетулері тиіс. Бұл арқылы адамның бойында қауіпті вирустың бар-жоғы анықталады.

Сондай-ақ көліктің кез келген түрінде түрегеп тұрған жолаушыға айыппұл салынады. Бұған дейін мұндай шара тек жүргізушіге ғана қолданылған. Алайда нәтиже көңіл көншітпеді. Бұл шешімді бірі қолдаса, қарсы шығып жатқандар да бар.

Сонер Бүйекэр, жергілікті тұрғын:

– Өте орынды қабылданған шешім. Әйтпесе, барлық жұртқа тәртіпті орындата алмайсың. Азамат ретінде ескерту жасасаң, сол жерде дау басталады. Қалааралық тасымалдан кейін шаһар ішіндегі қоғамдық көліктерге «HES» кодымен жүрудің міндеттелуі коронавирустың одан әрі жайылуына тосқауыл болатын шығар.

Оғузхан Дениз, көлік жүргізуші:

– Таң сәрісінен кешке дейін жұмыс істейміз. Пандемияға дейін күніне 700-800 лира табыс тапсақ, қазір 150-200 лира ғана табамыз. Оның өзі жанармайға кетеді. Міне, 10 минутта тек 10 кісі ғана келді. Сақтық талаптарына байланысты жеп отырған нанымыздан айрылып қалуымыз мүмкін.

Бірнеше аптадан бері елде қауіпті індетке шалдыққандар мен көз жұмғандар саны артып келеді. Соңғы тәулікте ковидті 2091 кісі жұқтырды. 69 адам көз жұмып, мың жарымнан астамы құлан таза айықты. Бұл – ресми статистика. Дегенмен күнделікті жарияланатын коронавирус кестесіне қатысты бірнеше апта бұрын басталған дау басылар емес.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы