423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Испанияда төтенше жағдай режимі жарты жылға дейін созылуы мүмкін

  • 118
  • UPD: 11:38, 26.10.2020

Испанияда эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты ел премьер-министрі Педро Санчес кей өңірлерде коменданттық сағат енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар ел аумағы бойынша 15 күнге дейін төтенше жағдай режимін жариялады. «Егер жағдай оңалмаса, төтенше жағдай режимі жарты жылға дейін созылуы мүмкін», - дейді билік өкілдері. Жаңа талаптарға сәйкес бірнеше өңір тұрғындары бір-біріне қатынай алмайды. Сондай-ақ ел азаматтарына түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін сыртқа шығуға рұқсат жоқ. Жаңа талаптар Канар аралдарынанан басқа барлық жерде күшіне енді.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Министрлер кабинетінің кезектес тыс отырысында ел аумағы бойынша төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім қабылданды. Жағдай тұрақталмаса, қатаң шектеу шаралары мамыр айының басына дейін жалғасуы мүмкін. Қазір бұл мәселе парламенттің қарауында.

Италияда да бір тәулікте тіркелген науқастар саны бойынша жаңа рекорд орнады. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бір күнде 21 мыңнан астам адам індеттің ілмегіне іліккен. Осыған орай  билік жаңа шектеу шараларын жария етті. Енді кешкі сағат 18:00-ден бастап барлық қоғамдық тамақтану орындары, театр, кино және концерт залдары жабылатын болады.

Италия тұрғындары болса, елде коменданттық сағаттың енгізілуіне қарсы. Ел астанасы Римде кезекті шеру өтіп, тұрғындар шектеулерді алып тастауды талап етті. Олардың айтуынша, бұл шаралар ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Рим мен Неаполь қалаларында коменданттық сағат басталар алдында шерушілер полициямен қақтығысып қалған. Салдарынан ондаған адам қамауға алынып, бірнешеуі жараланды.

Роберта Пепе, Рим қаласының тұрғыны:

- Өткен түні жаңа шектеулер енгізгендіктен, көшеге шықтық. Жаңа ережелерге сәйкес, мейрамханалар сағат 18:00-де жабылуға тиіс, ал бір үстел үстіне төрт адамнан артық отырғызуға болмайды. Осының салдарынан жұрт бізге келмейтін болды. Енді күнімізді қалай көреміз?

Коронавирус дерті Ресейде де дес бермей тұр. Өткен тәулікте 16 мыңнан астам ресейлік азамат қауіпті инфекция жұқтырған. Мамандар халықты барлық санитарлық ережені сақтауға шақырып отыр. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде күні бүгінге дейін коронавирусты жұқтырғандардың қатары 42 млн 500 мыңнан асты. Қазір ауру АҚШ, Үндістан, Бразилия мен Аргентинада да дес бермей тұр.

Хабар 24 телеарнасы