424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-та сайлау қорытындысы 3 қарашада жарияланбайды

  • 177
  • UPD: 12:16, 26.10.2020

АҚШ-та саяси науқан қыза түсті. Нью-Йоркте ерте дауыс беру басталып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше сағатқа созылатын кезекке қарамастан, америкалықтар өз таңдауын жасауда. Айта кету керек, елдің көптеген штатында пандемия салдарынан дауыс беру мерзімі ерте басталды. 2020 жылғы сайлау қорытындысын қашан білеміз және мұхиттың ар жағындағы саяси науқан қалай өтуде? Бұл туралы Нью-Йорктегі арна тілшісі Талғат Алмановтан сұрап білейік. Ол қазір бізбен тікелей байланыста.

Диктор:

- Талғат, жалпы кімнің алда келе жатқандығын айтуға бола ма?

Талғат Алманов, тілші:

- Сайлауға бір аптадай уақыт қалды. Қарашаның 3-і, яғни келесі сейсенбіде президенттік сайлау өткенімен, оның қорытындысын сол түні біле алмаймыз. Өйткені елу штаттың бюллетеньдерін жинау әдеттегіден ұзақ уақытқа созылатын көрінеді. Сарапшылар «бірнеше күнге, тіпті аптаға жалғасуы да мүмкін», дейді. Мұның басты себебі, пошта арқылы дауыс беретіндердің саны COVID-19 пандемиясының салдарынан биыл әдеттегіден әлдеқайда жоғары болып отыр. Дәлірек айтсақ, биыл 80 миллионға жуық америкалық, яғни барлық дауыс берушілердің үштен бір бөлігі өз таңдауларын пошта арқылы жасайды деп күтілуде. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Дауысты жинау және санау процесі қиынға соғары анық.

Дауыс жинау комитетінің мүшесі

- Биылғы сайлау өзгеше болайын деп тұр. Әдетте президенттік сайлау өтетін кезде біздің ауданға пошта арқылы келетін бюллетеньдердің саны 60-тан 80 мыңға дейін ғана жететін. Алайда, мына пандемияның кесірінен биыл 400 мыңға жуық бюллетень келеді деп күтудеміз. Демек, алдағы аптада атқаратын шаруа көп деген сөз.

Талғат Алманов, тілші:

 Қазірдің өзінде 60 миллионға жуық америкалық дауыс беріпті. 2016 жылғы Хиллари мен Трамптың арасындағы сайлауды алып қарасаңыз, қазанның соңына дейін дауыс бергендердің саны әлдеқайда төмен еді. 2016 жылғы сайлау демекші, кешелі бері Байденнің ұлы Хантер Байден жайлы тың ақпараттардың шығып жатқандығын айта кету керек. Тура осы уақытта Хиллари жайлы да компромат ақпараттың шыққанын білесіздер.

Дегенмен, Байденнің ұлы жайлы ақпараттың рас екендігі анықталған күннің өзінде сайлау нәтижесіне аса әсер етпесі анық. «Себебі COVID-тің салдарынан халықтың Трампқа деген сенімі жоғалғаны белгілі», - дейді сарапшылар. Және жағдай күн санап ушығып келеді. Өткен жұмада бір тәуліктің ішінде 85 мыңға жуық америкалық COVID жұқтырды.

Диктор:

- Талғат, жалпы кімнің алда келе жатқандығын айтуға бола ма?

Талғат Алманов, тілші:

- Сайлауалды сауалнамалардың бүгінгі қорытындысы бойынша Байден алда келе жатыр. Штат бойынша алып қарасақ, Флорида, Мичиган және Аризонада Байден 53%, ал Трамп 42%-ті жинап отыр. Тіпті өткен сайлауда Трампқа дауыс берген штаттардың кейбірі Байденді қолдап отырғандары тағы бар. Жалпы сауалнамалар бойынша Байден сонау наурыздан бері Трамптан әлдеқайда жоғары келе жатыр. Әлде де дауыс беруге бір аптадай уақыт бар. Висконсин мен Пенсильвания сияқты Battleground деп аталатын шешуші штаттардың өзі дауыс беру дедлайнын ұзартып отыр. Және біз тұрған Нью-Йоркте ерте дауыс беру басталып кетті, өткен сенбіде.

Хабар 24 телеарнасы