Иракта коронавирус індетінің беті қайтпай тұрғанына қарамастан, мейрамханалар мен дәмханалар ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қонақ үйлер мен мейрамханаларға тиісті қауіпсіздік шараларын сақтап, жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қазір бұл елде күн сайын коронавирус жұқтырған мыңдаған адам анықталып жүр. Ирак денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, індет басталғалы елде 450 мыңнан астам адам бұл ауруға шалдыққан. 10 жарым мыңнан аса науқас бұл кеселден көз жұмды.
Али Салем, Бағдат қаласының тұрғыны:
– Жақында ғана бізде қатаң карантин тәртібі болды. Ешқайда шықпай, үйде отырдық. Ал бүгін мейрамханаға келгенімізге қуанып отырмыз. Қауіпсіздік шараларын сақтасақ, вирусты жеңе аламыз деп ойлаймын.
Зеин Мохаммад, мейрамхана иесі:
– Алғашында жұрт мейрамханаға баруға қорқатын. Қазір біртіндеп қорқыныштары сейіле бастады. Келушілер қауіпсіздік шараларын сақтап, маска тағып жүр.