423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанда заңгерлер жаңа билікті заң аясында әрекет етуге шақырып отыр

  • 178
  • UPD: 08:58, 27.10.2020

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы парламенттік және мерзімінен бұрын президенттік сайлауды өткізуге ұмтылып жатқанда, Жогорку Кенеш депутаттары конституциялық реформаны жүргізіп барып қана, парламенттік сайлауды көктемге белгілеген дұрыс дейді. Осы ретте заңгерлер жаңа билікті заң аясында әрекет етуге шақырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қырғызстан заңнамасына сәйкес, парламенттік сайлау биыл 20 желтоқсанда өтуі тиіс. Алайда саяси шара күні жария ете салысымен, парламент «Сайлаулар туралы заңның» екі бабының күшін уақытша тоқтатып тастады. Онда парламенттік және мерзімінен бұрын президенттік сайлауды өткізу мерзімі туралы жазылған. Сондай-ақ жаңа құжатта конституциялық реформаны келесі жылдың 10 қаңтарына дейін өткізу қажет екені де көрсетілген. Бірақ заңгерлердің пікірінше, депутаттар бұл шешімімен өз өкілеттігін асыра пайдаланып отыр. 

Клара Сооронкулова, заңгер:

– Тараптар ортақ шешімге келу керек. Алайда ол мәміле заңға сәйкес болуы тиіс. Яғни заңда сайлауды қазір өткізу керек деп жазылса, солай болу керек. Мұны халықаралық талаптар да қажет етеді. Меніңше, саяси шараны 20 желтоқсанда өткізуге келісу керек. Және оның әділ және ашық болғаны дұрыс. Өйткені жаңа билікті халықаралық қауымдастық та мойындауы тиіс.

Тәуелсіз заңгерлер мен жеке саяси партия өкілдері Конституциялық палатаға жүгініп, депутаттардың әрекетіне заңды баға беруін сұрап отыр. Түйткіл мынада. Заң бойынша жаңадан сайланған Жогорку Кенештің жаңа құрамы бірінші отырысын өткізгеннен кейін ғана бұрынғы парламенттің қызметі тоқтайды. Заң шығарушы органдағы депутаттар 5 жылға сайланады. Сөйтіп, шындығында олардың өкілеттік мерзімі аяқталып қойған. Ал жаңа депуттар әлі жоқ. Сол себепті де заңгерлер алдымен парламенттік сайлау өтуі керек дейді. Артынша конституциялық реформа да заңға сәйкес жүргізілетінін айтады.

Искендер Какеев, заңгер:

– Халықаралық алаңның барлық қатысушысы тек заңды билік негізінде ғана әрекет етеді. Олар конституцияның бұлжытпай сақталуына шақырады. Егер көбі заңның бұзылғаны жайлы айтып отырса, халықаралық қауымдастық соның бәрін ескеріп, бізбен байланысын үзуі мүмкін.

Ал Орталық сайлау комиссиясы мерзімінен бұрын президенттік сайлауды келесі жылдың 10 қаңтарына белгіледі. Бұл шешім Жогорку Кенеш сайлау туралы заңның екі бабының күшін тоқтатқаннан кейін қабылданса да, қарсылық танытқандар болмады. Қазір қоғам назары Конституциялық палатада. Ондағылар Жогорку Кенеш депутаттарының парламенттік сайлауды кейінгі қалдыру туралы шешімін не қолдауы керек, не оның күшін жоюы тиіс.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы