420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Иранда бір тәулікте екі бірдей антирекорд тіркелді

  • 208
  • UPD: 22:41, 28.10.2020

Әлем елдерінде коронавирус қайта қарқын алып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны өткен аптаның статистикасы айғақтап отыр. Жеті күн ішінде әлемде індет жұқтырғандардың рекордтық саны тіркелді.

Өткен аптада әлемде 2 миллион 800 мың адам коронавирус жұқтырыпты. Бұл – пандемия басталғалы тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Жеті күн ішінде 40 мыңдай адам індеттен көз жұмған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, вирус әсіресе Еуропада өршіп тұр. Өткен аптада расталған оқиғалардың шамамен жартысы Кәрі құрлықта тіркеліпті. Антирейтингтің бестігіне Франция, Ұлыбритания, Ресей, Италия мен Бельгия кіріп отыр.

Майкл Райан, ДДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламасының директоры:

– Әлемде вирус жұқтыру деректерінің 46 проценті Еуропаға тиесілі. Сондықтан құрлық қазір індеттің ошағына айналғанына еш күмән жоқ.

Жалпы Еуроодақ бойынша індет жұқтыру деңгейі бойынша Бельгия бірінші орынға шықты. Елде 100 мың тұрғынға шаққандағы деректер саны 1400-ге жуықтайды. Коронавирустың алғашқы толқыны кезінде Бельгияда күніне 2 жарым мыңдай оқиға тіркелсе, қазір тәуліктік көрсеткіштер 13 мың шамасында. Бұл 11 миллионнан аса халқы бар корольдік үшін үлкен көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Елде коменданттық сағат пен маска кию тәртібі енгізілген. Мейрамханалар, кафе, барлар, мәдени, ойын-сауық және спорттық нысандар жабық тұр.

Ив Ван Лаэтхем, Бельгия коронавируспен күрес штабының ресми өкілі:

- Ең бастысы – жүріс-тұрысты мүмкіндігінше шектеу керек. Қазір ережелерді айналып өтудің жолдарын іздейтін уақыт емес. Сіздерге төрт қабырғаға қамалып отырыңыздар демейміз. Оның еш қажеті жоқ. Бірақ ережелер қабылданса, соларға бағыну керек. Біз үшін алдағы 15 күн маңызды. Екі апта ішінде қалай әрекет етсек, жағдай солай өзгереді.

Таяу Шығыста Ирандағы ахуал күрделі. Парсы елінде бір күнде екі бірдей антирекорд тіркелді. Бірі індетті жұқтыру деректері бойынша, екіншісі – кісі өлімінің көрсеткіштеріне қатысты.  

БЛИЦ:

– Деректер санының артуына халық та, билік те кінәлі. Тұрғындар кейде сақтыққа салғырт қараса, билік шектеу шараларын күшейтпей отыр.

– Мен коронавирус жұқтырғаннан кейін үйдегілер қажетті хаттамаларды сақтады. Нәтижесінде індет ешкімге жұққан жоқ. Алыс туысымыз вирустан көз жұмды.

Латын Америкасында 4 бірдей ел әлемдік антирейтингтің ондығына кіреді. Үшеуінде деректер саны бір миллионнан асып кетсе, Мексикада 900 мыңнан аса ауру жұқтыру расталған. Көз жұмғандар саны 90 мыңға жуықтайды. Билік індет құрбандарын еске алу үшін үш күндік аза тұту жариялайтынын хабарлады.   

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

– Коронавирустан 90 мыңдай адам көз жұмды. Бұл сандарды айтудың өзі оңай емес. Жақындарынан айырылған мексикалықтарға қаншалықты қиын екенін түсінемін. Сондықтан осы сенбіден бастап 3 күндік ұлттық аза тұту жариялаймыз.

АҚШ-та өткен аптада коронавирусты шамамен жарты миллион тұрғын жұқтырыпты. Бұл – пандемия басталғалы бір аптада тіркелген рекордтық сан. Ең көп дерек Иллинойс және Пенсильвания штаттарында. Ал елде індет жұқтырғандар саны 9 миллиондық межеден асып кетті.  

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы