423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19. Әлем елдері шектеу шараларына оралуға мәжбүр

  • 146
  • UPD: 21:23, 29.10.2020

Қазіргі жағдайда бізге шыдамдылық пен бірлік қажет. Франция президенті халыққа жолдаған телеүндеуінде елде қайтадан жалпыұлттық локдаун жарияланатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұған дейін қатаң шара экономиканы құрдымға кетіреді деген еді. Бірақ коронавирус жоғары қарқынмен тарап бара жатқанын айтты. Жағдай расымен күрделі. Егер қыркүйекте бір күндегі өсім 10 мың шамасында болса, кейінгі тәулікте 33 мыңнан асып кетті. Сондықтан ертеңнен бастап бір айға жалпыұлттық локдаун енгізіледі. Президент оның көктемгі карантиннен өзгешелеу болатынын айтады. Мәселен, балабақшалар мен мектептер жабылмайды.

Студенттер қашықтан білім алады. Талап бойынша бүкіл мейрамхана, дәмханалар, барлар, мәдени және ойын-сауық орындары жұмыс істемейді. Ең қажетті тауарлар сататын дүкендер ғана қызмет етеді. Қызметкерлердің көбі қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшірілуі тиіс. Тұрғындар тек жұмысқа не мектепке, азық-түліккке, дәрігерге баруға, жақын адамына көмек көрсетуге, үйдің айналасында серуендеу үшін ғана тысқа шыға алады. Әркімнің қолында арнайы рұқсат қағазы болуы тиіс. 

Билік карантин кесірінен табыссыз қалған тұрғындарға жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төленетінін, шағын және орта бизнеске қаржылай көмек көрсетілетінін айтты. Экономика құлдырамас үшін президент «мемлекеттік мекемелер, зауыттар, құрылыс және ауыл шаруашылық кәсіпорындар жұмысын әрі қарай жалғастырады» дейді. 

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

- Еуропаның өзге елдеріндегі  жағдай бізде де туды. Францияда қауіпті вирус тез тарай бастады. Күн суыған соң коронавирус үдей түскен секілді. Жағдайдың ушыққаны бәрімізді де алаңдатып отыр. Кей елдер бізден де қатаң шараларды қабылдады. Індеттің екінші толқыны алғашқысынан да қиын болуы мүмкін деген болжам бар. 

Германияда да эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Соңғы 10 күнде жан сақтау бөліміндегі науқастар саны екі есе артқан. Билік бұған дейін түрлі санитарлық талаптарды күшейтіп, түрлі ережелер енгізіп, жаңа локдаун болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Алайда мұның тиімділігі аз болғанға ұқсайды. Сол себепті келесі дүйсенбіден бастап Германияда бір айға локдаун жарияланады. 

Бүкіл ел бойынша кинотеатрлар, қызмет көрсету саласының кәсіпорындары, фитнес орталықтар мен бассейндер жабылады. Мейрамханалар мен барларда тамақты өзімен бірге алып кету қызметі ғана жұмыс істейді. 10 адамнан артық жиналуға рұқсат жоқ. 

Билік сауық кештері мен мерекелік отырыстандан бас тартқан жөн дейді. Дегенмен далада спортпен шұғылдануға рұқсат етіледі. Франциядағыдай мұнда да мектептер мен балабақшалар жабылмайды. Канцлер мен федералдық жерлердің билігі 2 аптадан кейін осы мәселеге қатысты қайтадан бас қосамыз деп отыр. Сол кезде эпидемиологиялық ахуалға қарап локдаунды сақтау не жеңілдету шешімі қабылданады. 

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Қазіргі жағдай расымен күрделі. Вирус үлкен жылдамдықпен тарап барады. Мәселен, бүгін көрсеткіштер өткен аптадағы сандармен салыстырғанда, екі есе көп. Тұрғындар мүмкіндігінше туыстарының үйіне не өзге жерлерге бармағаны жөн. Көңіл көтеру орындарының барлығы жабық болады. Дегенмен қазіргі жағдай наурыздағы ахуалдан өзгеше екенін айту керек. Мектептер мен балабақшалар жұмыс істеп тұр. Дүкендер ашық. Қызметкерлерінің саны 50-ге дейінгі мекеме шығындарының 75 проценті өтеледі. Ірі компанияларға Еуроодақтың экономикалық көмек ережелеріне сәйкес өтемақы төленеді. 

Испанияда қатаң локдаун енгізілмесе де, карантин күшейтіліп жатыр. Елдегі індет жұқтыру деректері бір миллионнан асады. Бұған дейін Испанияның 5 өңірі өз шекарасын жапқан еді. Енді оларға тағы 4 аймақ қосылды. Жергілікті тұрғындар тек дәлелді себеппен ғана өңірлер арасында қатынай алады. Мәселен, медициналық мекемеге, не көмекке мұқтаж туысына бару үшін, жұмыс пен оқуға қатысты мәселелер бойынша ғана жүре алады. Жаңа шектеу шарасы 14 күнге созылады. 

Фернандо Симон, Испания жедел медициналық көмек қызметінің басшысы: 

- Алдағы күндері де вирус осындай қарқынмен тарайтын болса, қарашаның ортасына таман жан сақтау бөлімдерінде орындар жетіспеуі әбден мүмкін. Қазіргі ахуал өте күрделі. 3-4 апта бойы жағдай сәл тұрақталып қалған еді. Алайда соңғы 2-3 аптада вирус қайта өрши түсті. Мұндай жағдай бізде ғана емес, Еуропаның өзге елдерінде де байқалып отыр. 

Ұлыбританияда кейінгі тәулікте 25 мыңға жуық жаңа індет жұқтыру дерегі расталды. Осылайша аурулар саны бір миллиондық межеге таяп қалды. Соңғы айларда британияда науқастар саны, ал соңғы апталарда кісі өлімі артып барады. 12 қазанда премьер-министр 3 деңгейлі жергілікті локдаун жүйесін жариялаған. Қатаң карантин Ливерпульде, Манчестер, Уоррингтонде, Ланкашир және Саут-Йоркшир графтығында енгізілген. Ертеңнен бастап олардың қатарына Ноттингем де қосылады. Аталған өңір тұрғындары мүмкіндігінше үйден жұмыс істеп, кездесулерді шектеуі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы