425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркия «республика күні» мерекесін атап өтті

  • 176
  • UPD: 23:52, 29.10.2020

Бүгін Түркияда Республика күні. Елдің әрбір үйінде, мектептер мен емхана, дүкендерге мемлекеттік ту ілінген. Анадолы жұрты 97 жылдығын пандемияға қарамастан көппен бірге атап өтті.

Елдің бас мерекесі Анкарадағы Ататүрік мавзолейінде басталды. Шараның алғашқы легі мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен өтті. Сосын қараша халық, Түркияның алғашқы парламентінен - Ататүрік кесенесіне дейін алқызыл байрақтарымен шерулетті. Бірнеше ай бойы сақтық ережелерін ұстанған жұрт мереке кезінде рухтанып қауіпсіздік талаптарын елемеді. Тарихи күнді атап өту үшін басқа қаладан да адамдар келген. 1923 жылы 29 қазан күні елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік Ата заңға өзгерістер енгізіп, Түркия Республикасы құрылғанын жариялады. Сондықтан түрік халқы бұл күнді қастерлеп, үлкен той-думанмен атап өтеді. 

Ирек Өзчелик, Анкара қаласының тұрғыны:

- Пандемияға байланысты бүгінгі күнді атап өтуге жасқандым. Бірақ соған қарамай келдім. Ес білгелі Республика күнін осы жерде жыл сайын тойлаймын. Қуанышымда шек жоқ.  Бізді осы күнге жеткізген Мұстафа Кемал Ататүрік жасасын. 

Волкан Демир, Анкара қаласының тұрғыны:

- Республика күні үшін арнайы Ыстамбұлдан келдім. Әрине сақтық шараларын сақтаймын. 97 жыл деген айтуға оңай. Бұл күні үйде отыра алмадым. Жылда ата-анаммен келетін едім. Биыл олар үйде қалды. Бейнекөрініс арқылы сезімді жеткізуге тырысып жатырмын. Жасасын, Ататүрік! Жасасын Республика!

Хабар 24 телеарнасы