425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытай билігі кедейлікті түбегейлі жоймақ

  • 211
  • UPD: 15:17, 30.10.2020

Коронавирусқа қарамастан Қытай билігі биыл кедейлікті түбегейлі жоюға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті бағдарлама арқасында былтыр 10 жарым миллион тұрғынның тұрмысы түзелген. Нәтижесінде 2019 жылдың аяғына таман елде кедей халық саны 5 жарым миллионға дейін азайған.

2015 жылы Қытай билігі алдағы 5 жыл ішінде кедейлікті жою мақсатын алға қойып, тиісті жұмыстарға қызу кірісіп кеткен. Ол кезде 70 миллионға жуық тұрғын жұпыны жағдайда өмір сүрген еді. Мамандар үйді-үйді аралап, кімге қалай көмек көрсетуге болатынын шешкен. Бұл іске бас-аяғы 3 миллиондай адам тартылыпты. Соның ішінде 700 мыңнан аса партия қызметкері ауылды аймақтарға жіберілген. Бұл адамдар сол жерде тұрып, жергілікті халыққа көмек көрсетумен айналысады.  

Ван Саньгуй, Қытай халық университетінің кедейлікпен күрес институтының директоры:

– Атқарылған жұмысты бақылау үшін үшінші тарап тартылды. Мамандар әрбір үйді тексереді. Адамдардың немен тамақтанатынын өз көзімен көреді. Балалары оқи ма, жоқ па, медициналық қызметтер қаншалықты қолжетімді екенін анықтайды. Тексеру бір рет қана жүгізілмейді. Мамандар әр отбасына бірнеше мәрте барады.

Кедейлікпен күрес жобасына сай жағдайы төмен аудандардың ауыл шаруашылық өнімдері бүкіл ел бойынша сатылады. Инфрақұрылым жетілдіріледі. Халқының жағдайы жақсы шығыс аудандар батыс өңірлерге көмектесуі тиіс.

Хуан Янь, Қытай кедейлікпен күрес және даму жөніндегі мемлекеттік кеңесінің өкілі:

– 52 уезде 156 мың адам үшін білім, медициналық қызмет, тұрғын үй мен ауызсу қолжетімді болды. 110 мың тұрғын өзге өңірлерге көшірілді. 3 миллионға жуығы тұрғылықты орнынан тыс жерде жұмысқа орналастырылды.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда 55 млн-нан астам адамның күн көрісі жақсарып, аймақтағы кедейшіліктің шегі сәл оңалған еді. Десе де, Қытайда кедейшілік шегі Дүниежүзілік банк белгілеген 1,9 доллардан да төмен екен.

Авторлары: Ботагоз Сыргабаева, Айгерим Сулейменова

Хабар 24 телеарнасы