423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Америкалықтар Хэллоиунді қауіпсіз атап өтудің амалын тапты

  • 118
  • UPD: 23:32, 30.10.2020

Коронавирустың әлегі аз болмай тұр.

Әлем жаппай тойлайтын мерекелік шараларды да атап өту мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі бұған түсіністікпен қарайды. Дегенмен, «көңіл көтергенде тұрған түк те жоқ, шектеулердің керегі не?» дейтіндер де табылды. Ал, мамандар сақ болуға шақырып отыр.

Диктор:

- Жұлдыз, ертең әлем жастары арасында кең таралған Хэллоуин мерекесі емес пе? Мамандар оны атап өту жайында не деп отыр?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Мәселен Роспотребнадзор Хэллоуин қарсаңында түнгі серуенге тыйым салды. АҚШ сарапшылары да жергілікті тұрғындар арасында танымал «Тәтті жинау» дәстүрінен бас тартқан жөн деп отыр. Алайда америкалықтар шектеулерді айналып өтудің амалын тапқанға ұқсайды.

***

Чехия биыл Тәуелсіздік күнін басқаша қарсы алды

Халық мемлекеттік мерекені атап өтудің орнына ереуіл ұйымдастырған. Жалпы қазір Еуропада індет тез тарап жатқан елдердің бірі осы Чехия. Қазанның басында мұнда төтенше жағдай енгізілген. Ол 3 қарашада аяқталады деп жоспарланған еді. Алайда билік қатаң тәртіпті ұзартуға тура келетінін айтып отыр. Ал, осы аптада елде түнгі коменданттық сағат да енгізілді. Қазір мұнда мейрамханалар, мәдени нысандар, кәсіпорындар мен дүкендердің көбі жабық тұр. Алайда бұған кейбір тұрғындар қарсы. Олар қатаң шектеулерді алып тастауды талап етті. Ел астанасы Прагада халық ереуіл ұйымдастырған.

Власта Сенсалова, ереуіл қатысушысы:

- Біз көп нәрсені талап етіп жатқан жоқпыз. Қалыпты өмір сүріп, жұмыс істесек болғаны. Шектеулердің кесірінен табысымыздан айырылдық. Алайда оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ.

***

Аамерикалықтар Хэллоиунді қауіпсіз атап өтудің амалын тапты

Ал, ертең Хэллоиун мерекесі. Бұл мейрамға әсіресе, жастар ынтық. Олар түрлі костюмдер киіп, сауық кештерін ұйымдастырады. Алайда америкалық дәрігерлер «биыл одан бас тартқан жөн» дейді. Оның үстіне мамандар бұл жолы «Тәтті жинау» дәстүрін де өткізбеуге шақырады. Алайда америкалықтар мерекені қауіпсіз атап өтудің амалын тапқан. Бұл күні әдетте балалар үйді-үйді аралап, үлкендерден тәтті жинайды. Биыл тұрғындар есік алдына құбыр орнатып қойған. Үй иесі кәмпиттерді сол арқылы жіберіп, оны құбырдың екі жағында тұрған балақайлар қағып алады. Сонда әлеуметтік қашықтық сақталады. Мамандар кәмпит жинауға шығатын балаларға костюммен қоса бетперде мен қолғап кигізіп жіберуге кеңес береді. Дегенмен, ескертулерге қарамастан, Дональд Трамп көпжылдық дәстүрлен бас тартпауды ұйғарды. Сөйтіп, президент пен бірінші ханым әдеттегідей Ақ үйде балаларды қабылдаған. Дегенмен, Трамп мырза мен оның әйелі балғындарға тәттілерін жеке өздері табыстай алмады. Санитарлық талап сондай. Алайда екеуі де көпшілік алдына бетпердесіз шығып, сынға ұшырады.

***

Сеул билігі: Хэллоуинді онлайн атап өткен дұрыс

Америкалық дәрігерлер секілді Оңтүстік Корея астанасы Сеул билігі де биыл Хэллоуинге орай басқосулар ұйымдастырмауға шақырып отыр. Олар: «қажет болса, мерекені онлайн атап өтіңіздер» дейді.

Парк Ю Ми, Сеул қаласы әкімшілігінің бас директоры:

- Бұл күндері рейд күшейтіледі. Инспекциялық топ құрамының мүшелері 140 адамға дейін кеңейтілді. Олар қаладағы 150-ден аса клубта тексеру жүргізеді. Бұл мекеменің 85-і Хэллоуинді атап өтпейтінін айтты. Басқа клубтар да тура солай істеп, олардан үлгі алуы тиіс.

***

Римде Рождестволық іс-шаралар онлайн өтеді

Биыл Рим папасының қатысуымен өтетін барлық рождестволық іс-шаралар тарихта алғаш рет онлайн форматта ұйымдастыралатын болды. Жергілікті билік осындай шешімге келген. Әдетте понтифик 24 желтоқсанда Ватикандағы Әулие Петр шіркеуінде дәстүрлі месса өткізіп, Рождествоға орай үндеу жолдайтын. Алайда биыл бұл шара жабық форматта ұйымдастырылады.

Франциск, Рим папасы:

- Құрметті жиылған қауым! Әрқайсыңызбен жеке-жеке амандасқым-ақ келеді. Алайда біз әлеуметітк қашықтықты сақтауға тиіспіз. Қастарыңызға жолай алмаймын. Бірақ әрқайсыңыз менің жүрегімдесіздер. Алыстан тұрып-ақ бір-біріміз үшін дұға қылайық. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын.

***

Еуропада биыл Рождестволық жәрмеңкелер өтпейді

Биыл Еуропада Рождестволық жәрмеңкелердің біразы өтпейтін болды. Чехия астанасы Прагаға жыл сайын мерекелік маусымда 700 мыңдай қонақ келетін еді. Көбі дәстүрлі жәрмеңкеге қатысатын. Алайда биыл қала басшылығы жәрмеңкеден бас тартты. Бұған дейін Швеция, Германия астанасы Берлин мен Францияның Страсбург қаласының билігі тиісті шешім қабылданған болатын.

Дегенмен, кейбіреулер «Рождествоға дейін эпидемологиялық ахуал жақсаруы мүмкін» деп үміттеніп отыр. Бірақ жағдайдың қалай боларын уақыт көрсетеді.

Хабар 24 телеарнасы