422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда жер сілкініп, төрт адам көз жұмды

  • 158
  • UPD: 21:58, 30.10.2020
Түркияда жер сілкініп, төрт адам көз жұмды

Түркияның Егей аймағында жер сілкініп, 4 адам опат болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 120-дан астамы жарақат алған. Дүмпудің күші 6,6 балға жетіп, 30 секундқа жалғасқан. Бұл туралы осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат хабарлады. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес Измирдің Байраклы және Борнова аудандарында кемі 20-дан астам тұрғын үй жермен-жексен болған. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жүздеген тұрғын үй мен жұмыс орындарына зақым келген. Зілзала болған ғимараттардың жанында тұрған көліктер үйінді астында қалды. Қазір адам шығыны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Мамандар 6 балдан жоғарғы жер сілкінісінен кейін тағы да 5 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп ескертті. Сондықтан азаматтарды біраз уақыт тыста болуға шақырып отыр. Айта кетерлігі, Измир – Түркияның үшінші ірі қаласы. Бұл шаһарда қазақстандық азаматтар да бар. Аймақтағы жағдай жайлы жерлесіміз Әсел Хайролламен тілдесіп көрдік.

Әсел Хайролла, студент:

- Есімізді енді жиып жатырмыз. Өте қатты болды. Орталығы Измирдің қасындағы Сеферихисар ауданы дейді. 6,6 балл болыпты. Осындағы қазақстандық студенттер бір-бірімізбен қал-жағдайымызды біліп жатырмыз. Әйтеуір бәрі шүкір, аман-есен. Кейбіреулері кітапханада болған, кейбіреулері жатақханаларында болған. Көбісі бірден далаға қарай жүгірген. Қазірше мен танитын адамдар арасында зақым алып, зардап шеккендер жоқ.

Хасан Йешилюрт, жергілікті тұрғын:

- Поштаға барған едім. Сыртқа жүгіріп шықтым. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырмын. Қасымыздағы ғимараттарға зақым келді.

 

Хабар 24 телеарнасы