425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Англияда екінші рет локдаун жарияланды

  • 135
  • UPD: 14:34, 01.11.2020

Англияда бір жылда екінші рет қатарынан коронавирусқа байланысты жалпыұлттық локдаун жарияланып отыр. Алдағы бейсенбіден бастап, мұнда үйден нақты бір себепсіз шығуға тыйым салынады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания үкіметі 5 қарашадан 2 желтоқсанға дейін карантин енгізу туралы шешім шығарды. Ол тек Англия аумағында жарияланып отыр. Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландияның өздеріне тиесілі шектеулері бөлек. Локдаун енгізудің басты себебі ауруханаға түсіп жатқан науқастарға дәрігерлер ем-дом көрсетіп, үлгірмей жатыр. Денсаулық сақтау жүйесі дәрменсіз. Наурыз айындағы локдауннан айырмашылығы мектептер мен университеттер жұмыс істей береді. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа нысандар уақытша жабылады. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Барлар мен мейрамханалар жабылуы тиіс. Олар тек үйге жеткізіп беру қызметін ұсына алады. Құрылыс пен өндірісте еңбек ететіндер ғана жұмысқа барып, басқалары үйден жұмыс істеу керек. 

Үкімет карантин соңына дейін еңбекақысыз қалғандарға жалақыларының 80%-ін төлеуді жалғастырады. Егер жағдай түзелсе, локдауннан кейін британиялықтар 25 желтоқсанда тойланатын Католиктердің рождествосын отбасыларымен бірге атап өтпек. Лондондықтардың көпшілігі бұл жаңалықты түсіністікпен қабылдады.

БЛИЦ:

- Мүмкін бұл да керек шығар. Көпшілік мұны қаламауы да мүмкін. Бірақ біз бұған бағынуымыз керек. Әйтпесе Рождествоны тойламайтын боламыз.

- Меніңше, локдаун кеш енгізіліп жатыр. Шектеу шаралары бұдан ертерек жариялануы керек еді.

Айта кетейік, Ұлыбритания COVID-19-дан қайтыс болғандар саны бойынша Еуропада көш бастап тұр. Жаңа локдаун індеттің ілмегіне ілінгендердің саны бір миллионнан асқан күні жарияланды. Біріккен Корольдікте бүгінге дейін коронавирустан барлығы 46 мыңнан астам адам қайтыс болды. 

Автор: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы