422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда парламенттік сайлаудан кейін дау туындады

  • 99
  • UPD: 21:28, 01.11.2020

Грузияда өткен кешегі парламент сайлауы көптің есінде қалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі дау көп. Тіпті бақталастар жаға жыртысуға дейін барды. Сайлау барысында ереженің бұзылғаны анықталды. Оған қоса сағат сайын өзгерген көрсеткіштер де отқа май құйғандай болды.

Сайлау өткен күні 200-ден аса заңбұзушылық тіркелді. Учаскелердің бірінде тілшінің жұмысына кедергі келтірсе, тағы біреуінде дауыс берудің құпиялығы сақталған жоқ. Ал кей жерлерге тіпті байқаушыларды жібермеген. Бірнеше ауданда қақтығыс та болды. Дауыстарды есептеу де жағдайды ушықтырып жіберді. Ал сайлау аяқталғаннан кейін екі бірдей партия жеңіске жеттік деп мәлімдеген. 

Бидзина Иванишвили, «Грузиялық Арман» партиясының басшысы:

– «Грузиялық арман» партиясының белсенділеріне рақметімді айтам. Сіздердің арқаларыңызда жеңіске жеттік! Партиямыз үшінші рет сайлауда жеңіп отыр. Ең бастысы Грузия сайлаушылары талдап, таңдау жасауды үйренді. Сол үшін оларға өте ризамын. Партияны құрған адам ретінде оларға айтарым, бізді қолдап, қателескен жоқсыздар. «Грузиялық арман» бұрынғыдай халық партиясы болып қала береді.

Расында сайлау нәтижелері сағат сайын өзгеріп жатыр. Жұрттың да шыдамы таусылды. Дауыс беру аяқталысымен Орталық сайлау комиссиясының ғимараты алдында наразылық шеруі өтті. Оппозиция сайлау нәтижелері бұрмаланды дейді. Алайда дауыс берудің ресми қорытындысы әлі жарияланған жоқ. 

Тамар Жвания, Грузия орталық сайлау комиссиясының басшысы:

– Халықаралық байқаушылардың барлығы алдын ала жарияланған мәлімет қорытынды нәтиже емес екенін жақсы біледі. Саналуына қарай жарияланып, соңында бүкіл дауыс есептеледі. 

Түске дейін «Грузиялық арман» партиясына сайлаушылардың 51% дауыс бергені белгілі болды. Алайда уақыт өтісімен бұл көрсеткіш төмендей бастады. Қазіргі кезде бюллетеньдердің 80 процентінен астамы саналды. Оның нәтижелеріне сәйкес билік басындағы партиямен бірге парламентке тағы да 10 партия өтетін түрі бар. Ал оппозиция бүгін кешке қайта шеруге шығуға дайындалып жатыр.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы