425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-тағы президенттік сайлауға бірнеше күн қалды

  • 111
  • UPD: 11:35, 02.11.2020
АҚШ-тағы президенттік сайлауға бірнеше күн қалды

АҚШ-тағы президенттік сайлау 3 қараша күні өтеді.

Пандемияның салдарынан әбігерге түскен америкалықтар биылғы сайлауда ерекше белсенділік танытып отыр. Мәселен, өткен сайлауда бас аяғы 136 млн дауыс жиналса, «биылғы додада бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болады», – дейді мамандар.

Сонымен Президенттік сайлау алдындағы саяси жағдай қандай? Қай кандидат алда келеді және нені ескерген жөн?

Талғат Алман, тілші:

– Қазір Ақ үйдің алдында тұрмын. Кейбір дереккөздер өткен аптада Президент Дональд Трамп өзінің резиденциясында көп болған жоқ дейді. Ол түсінікті де. Өйткені сайлау алдындағы соңғы күндерді ол барынша тиімді өткізуді ойлаған ғой. Әрине, Дональд Трамп мейілінше көптеген штатты аралап, өзінің қорытынды сапарларында үгіт насихат жұмыстарын күшейтіп, барынша белсенділік танытты. Демократтар атынан сынға қатысатын Джо Байден де одан қалысар емес. Мәселен, кешелі бері кандидаттар Джорджия, Флорида, Пенсилвания, Айова және Мичиган сияқты бірнеше маңызды штатты аралап, сайлаушылармен кездесіп үлгерді. Маңызды дейтініміз: Трамп пен Байден қазіргі кезде күмән туғызатын, яғни swing state деп аталатын, электораты құбылмалы штаттарды аралап жүр. «Бұл Президент атану үшін қажетті 270 электоралды колледждің дауысын жинауға өте үлкен әсер тигізетін штаттар», – дейді мамандар. Сондай ақ осы аптада Камала Харис, Барак Обама және Майк Пенс сияқты саясаткерлер өздерінің жақтастарын барынша қолдап, сайлауалды үгіт-насихаттарға көптеп қатысуға тырысты.

Барак Обама, АҚШ-тың 44-ші президенті:

– Құрметті америкалықтар! Біздің өміріміздегі ең маңызды және шешуші сайлауға бірнеше күн қалды. Президенттік қызметке келгелі бері Дональд Трамп ешқандай нәтиже көрсете алмады. Соның нәтижесінде халық қиыншылыққа тап болып отыр. Коронавирус індетінен 230 мыңнан аса америкалық қайтыс болды. Трамп пандемияның арқасында ақша жасап отыр деп дәрігерлерді кінәлауға көшті. Бұл күлкілі.

Майк Пенс, Ақш-тың вице-президенті:

– Джо Байден біздің шекарамызды қайта жапқысы келеді. Ол Ақ үйдің келесі басшысы болса, солай жасайды. Біздің экономикамыз жөнделіп келеді. Ол – шындық. Қазіргі Президент Дональд Трамптың көмегімен вакцина да жақын арада дайын болады.

Бүгінге дейін тіркелген дауыс берушілердің жартысына жуығы өз таңдауларын жасап үлгеріпті. Бұл – шамамен 92 млн америкалық. Оның 60 млн-нан астамы дауыстарын пошта арқылы жасағандар екен. Демек, дауыс берушілердің биылғы белсенділігі өте жоғары. Сауалнамаларға келер болсақ, New York Times ақпараты бойынша Джо Байден Дональд Трамптан айтарлықтай алда келеді екен. Және жалпы халықтық сауалнамада да Байден алға шығып отыр. Ол 52% жинаса, Трамптың үлесі 41%-ке түсіп отыр. Оның үстіне демократтық кандидат Пенсильвания, Аризона, Флорида және Уисконсин сияқты төрт негізгі және ең шешуші штаттарда көш бастап келеді. Дегенмен Президенттің кім боларын элокторал колледжтің нәтижесі көрсетеді.

Сайлау бойынша ресми қорытындыны сол түні біле алмаймыз. Өйткені поштамен дауыс бергендердің саны биыл өте жоғары болып отыр. Сондықтан бюллетендерді жинау барысы әдеттегіден де ұзаққа созылады деген сөз. Дегенмен, АҚШ-та әр штат дауыстарды жинап, жариялауды өз бетінше шешеді. Біздегі ақпарат бойынша 15 штат бойынша дауыс бергендердің қорытындысын сайлау күні білетін боламыз. Олар: Нью Хэмпшир, Делавер, Флорида, Алабама, Орегон, Окленд және өзге де штаттар.

Хабар 24 телеарнасы