425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19 әлемнің денсаулық сақтау жүйесіне зор ауыртпалық артты

  • 113
  • UPD: 00:31, 03.11.2020

Әлем бойынша коронавирусқа шалдыққандар саны 46 миллион адамнан асты. Қазір ауру әсіресе АҚШ, Латын Америкасы, Үндістан, Ресей мен Еуропа елдерінде өршіп тұр.

Жер-жаһанды жалмаған індет денсаулық сақтау саласына үлкен ауыртпалық артуда. Мәселен, ауруханаларда орын тапшылығы байқалып, жоспарлы түрде операцияға жататындар уақытылы ем қабылдай алмай отыр. Мамандар «эпидемиологиялық жағдай оңалмаса, ауруды бақылауда ұстау мүмкін болмайды» деп дабыл қағады. Енді билік өкілдері өз өңірлерінде жаңа шектеу шараларын жариялап жатыр. 

Әлемде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны күн өткен сайын артып барады. Статистика бойынша бүгінде ауруға шалдыққандардың қатары 46 млн 800 мыңнан асты. Вирус жұқтыру дерегі бойынша алғашқы үштікте АҚШ, Үндістан мен Бразилия тұр. Өлім-жітім көрсеткіші бойынша да Құрама Штаттар бірінші орында. Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, АҚШ-та ковид диагнозы 9 млн 200 мыңнан астам адамға қойылған. 

Эпидемиологиялық ахуал Еуропаның бірқатар елінде де күрделі. Науқастардың саны күрт арта бастағандықтан өңір басшылары қатаң шектеу шараларын жариялауға мәжбүр болды. Мәселен, бұған дейін Бельгия мен Францияда енгізілген карантин мен коменданттық сағат енді Германияда да жарияланды. Аймақтағы барлық театр, клуб, қоғамдық тамақтану орындары жұмысын тоқтатады. Ал Словакия билігі 10 жастан асқан тұрғындардың барлығын тегін тестілеуге кірісті. Шараға әзірге 2,5 млн адам қатысқан. Жаппай тексеру нәтижесінде 26 мың тұрғыннан вирус анықталды. Осыған орай Словакияда да  төтенше жағдай режимі енгізілді. 

Блиц:

- Таңнан бері осында тұрмын. Кезекте 3 сағат тұрып, тегін тест тапсырдым.

- Биліктің қолға алған жобасы дұрыс шешім деп ойлаймын. Саналылық танытып, өзімізді ғана емес, ұлтымызды, елімізді сақтап қалуымыз керек. 

Ұлыбританияда қауіпті вирус жұқтырған жандардың қатары 1 миллион адамнан асты. Жағдайдың ушығуына байланысты британдық ауруханалар мыңдаған операцияны кейінге қалдыруда. Қазір медицина орталықтарындағы әрбір 9-орында ковидке шалдыққан науқас жатыр. Сарапшылар бұлай жалғаса берсе, алдағы екі аптада ауруханаларда орын тапшылығы болатынын айтып, дабыл қағады. Англия үкіметі 5 қарашадан бастап желтоқсанның екісіне дейін жалпыұлттық карантин енгізуді жоспарлап отыр. 

Жергілікті тұрғын:

- Қабылданған шаралардың арқасында науқастардың саны азаяды деп үміттенемін. Алайда мектеп пен колледждердің жұмысы бұрынғы қалпында қалса, ал қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшпесе карантиннің оң нәтиже әкелетініне күмәнім бар.  

Жақын арада Украина билігі де аймақта локдаун жарияламақ ниетте. Елдің денсаулық сақтау министрінің хабарлауынша, мұнда тәулігіне вирус жұқтырғандардың саны 20 мыңнан асатын болса ахуал көктемдегі Италиядағы жағдайдан да қиын болуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы