422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Трамп vs Байден: Тартыс шарықтау шегіне таяды

  • 145
  • UPD: 20:38, 02.11.2020
Трамп vs Байден: Тартыс шарықтау шегіне таяды

АҚШ Президенттігінен екі үміткер бар. Бірі Ақ үйдің қазіргі басшысы Дональд Трамп. Ол Республикалық партияның өкілі.

Бұл ұйымның соңғы жылдардағы ұстанымы салықты азайту, қаруды ұстау құқығын қолдау және көші-қонға қатысты қатаң шектеулер енгізу. Шалғай өңірлерде қолдаушылары көп. Республикалық экс-президенттердің қатарында Рональд Рейган мен Джордж Буш бар. Екінші үміткер Джо Байден. Барак Обама ел басшысы болған кезде 8 жыл бойы вице-президент қызметін атқарған. Саясаттағы тәжірибесі 50 жылға жуықтайды. Демократтар партиясының өкілі. Бұл саяси ұйым азаматтық құқық, көші-қон және климаттың өзгеруі секілді мәселелерге деген либералдық көзқарасымен ерекшеленеді. Демократиялық партияның экс-президенттері қатарында Джон Кеннеди, Билл Клинтон мен Барак Обама бар. Негізі биыл сынға түсіп жатқан қос үміткердің де жасы 70-тен асқан.

Бір қызығы, егер жеңіске Джо Байден жетсе, ол бірінші мерзімдегі жасы ең үлкен президент болайын деп тұр. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Менің қарсыласым пандемия кесірінен американдықтарды қиын кезең күтіп тұрғанын айтады. Оның бұған дейінгі пікірталастағы сөздерін естігендер бар ма өзі? Байден осындай көңіл көншітпейтін болжамдар айтты. Оны ұнататындар бар деп ойламаймын. 

Джо Байден, АҚШ президенттігінен үміткер:

- Біз жүйелі нәсілшілдікпен күресеміз. Қара нәсілді американдықтар үшін тең экономикалық мүмкіндіктер береміз. Бұл жай ғана сөз емес. Рас айтамын. Біз осы бағытқа бет бұрамыз. Иә, біз шындықты таңдаймыз. Трамп секілді өтірік айтпаймыз.

Штаттардың көбінде мерзімінен бұрын дауыс беру кезінде сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалды. Сөйтіп, осы күнге дейін 90 миллионнан аса американдық өз таңдауын жасап қойған. Бұл сайлаушыладың шамамен жартысы. Олардың 60 миллионға жуығы пошта арқылы дауыс берген. Биыл пандемияға байланысты саясаткерлер бөлімшелерге келместен пошталық бюллетеньдерді кеңінен қолдануға шақырып отыр. Мұны демократтар да қолдайды. Алайда республикашылдар, соның ішінде Дональд Трамп бұған қарсы. Оның айтуынша, мұндай әдіс арқылы дауыс беру кезінде нәтижелер бұрмалануы мүмкін. Сарапшылар пошта арқылы өз таңдауын жасағандар санының көптігіне байланысты биыл дауыс беру нәтижелерін санау әдеттегіден ұзаққа созылуы мүмкін екенін бірден ескертті. Сауалнамаға келсек, Нью Йорк Таймстың ақпараты бойынша Джо Байден Дональд Трамптан айтарлықтай алда келеді. Ол 52 процент дауысқа ие, Трамптың үлесі 41 процент шамасында. Оның үстіне демократиялық партияның үміткері Пенсильвания, Аризона, Флорида және Уисконсин сынды төрт негізгі және ең шешуші штаттарда көш бастап келеді.

БЛИЦ:

- Биыл Дональд Трамп үшін дауыс беремін. Оның жеке өзін емес, ұстанған саясатын қолдаймын. Ол еліміздің алға жылжуы үшін көп еңбек етті.

- Соңғы 4 жылда Дональд Трамп көп жалған ақпарат таратып, келеңсіздіктерге жол берді. Енді билік басына Джо Байден келсе, бәрі өзгереді деп ойлаймын. Ол тәжірибесі мол саясаткер. Байден үшін дауыс беремін. 

Жалпы саяси дода алдындағы соңғы жексенбі күні Доналдьд Трамп  5 штатта 5 жиын өткізіп үлгеріп, жақтастарының алдында сөз сөйлеген. Соңғы кезде Ақ үй басшысы мұндай кездесулерді көбейткен. Джо Байден болса, жиындардан гөрі жарнама жағына көп көңіл бөлген сыңайлы. Сөйтіп, АҚШ телеарналарында демократтардың жарнамалық роликтері Трамппен салыстырғанда үш есеге асып кеткен. 

Көптің көкейіндегі сұрақ: кім президент атанады? Әлемдегі букмекерлік кеңселердің көбі қазіргі Ақ үй басшысы жеңіске жете алмайды деп болжап отыр. Негізі Трамп мырза жаздың басына дейін көш бастап келген. Алайда елде эпидемиологиялық ахуал нашарап, нәсілшілдікке қатысты жаппай ереуілдердің белең алуы оның беделіне нұқсан келтірмей қоймады. 

Уильям Хилл, Betfred букмекерлік кеңсесінің өкілі:

- Шыны керек, үміткерлердің тартысы театр қойылымына ұқсап кетті. Бұл мәселе тіпті саясаттан хабары жоқ адамдардың өзіне қызық болып тұр. Англия кубогі секілді спорттық шаралардан гөрі саяси доданың осыншама қызық боларын кім білген? 

Сауалнама нәтижелері де, букмекерлік кеңсе өкілдері де Джо Байденннің жеңісін болжап отыр. Алайда бұған төреші - ертеңгі күн. Бәрі де өзгеріп шыға келуі мүмкін. Сарапшылар 2016 жылғы сайлауды мысалға келтіреді. Ол кезде әлеуметтанушылардың болжамы бойынша Хиллари Клинтон 3 миллион дауысқа озып тұрса да, жеңіске Дональд Трамп жеткен. Өйткені бұл мәселеде сайлаушылар алқасының маңызы зор. Сондықтан бәрін уақыт көрсетеді. Ал Вашингтондағы кәсіпкерлер саяси дода нәтижелерін күтпестен дайындық қамына кірісіп кеткен. Қонақ үйі, банк, дүкендер мен мейрамхана иелері өз нысандарын сыртына ағаш қағып, бекітіп тастаған. Яғни бүлік шықса, мүлік бүлінбесін деп дайындалып отыр. Ал федералдық ғимараттардың алдына күштік құрылым өкілдерінің қосымша көмек жасақтары келген.

Хабар 24 телеарнасы