420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израиль коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізіп жатыр

  • 95
  • UPD: 11:06, 03.11.2020

Ғалымдар препарат толық зерттеуден өту үшін шамамен бір жыл уақыт кетуі мүмкін дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар дәріні толық сынамайынша, оның қаншалықты тиімді екенін дөп басып айту қиын дейді.

Бүгінде әлемнің 200-ден астам зертханасында коронавирусқа қарсы вакцина әзірленуде. Олардың 50-ге жуығы зерттеудің соңғы сатысында. Ал Израильдің дайындаған дәрісі енді ғана сынақтан өте бастады. Яғни зерттеудің үшінші кезеңі басталды. Өндіс жұмысына жауапты – Нес-Циона институты. Орталық әдетте биологиялық қару әзірлеумен айналысатын. Вакцина шығару ісіне тартылған ғалымдардың басты талабы саяси күштер қысым жасамаса дейді. Ал мақсаты – дертке қарсы дәріні кештеу болса да, сапалы етіп шығару.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Осыдан екі-үш ай бұрын айта алмаған жаңалығыммен бөліскім келеді. Жер жаһанды жаулаған індетке қарсы вакцинаның шығуына аз қалды. Оның қаншалықты тиімді екенін айту әлі ерте. Зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шараға нақты қанша уақыт кететіні де белгісіз. Алайда тығырықтан шыға аламыз деген үміт бар.

Ғалымдардың өздері қолға алған жұмысына баға беруге асықпайтын көрінеді. Вакцина жіті тексерілгеннен кейін алдағы жылдың жазында шығуы мүмкін деген болжам бар. Бастысы соңғы нәтиже, істің шала болмағаны абзал, асығудың реті жоқ дейді мамандар.

Юрий Ранков, Тель-Авивтегі алғашқы медицина орталығының басшысы:

– Бүгінде ғалымдар коронавирустың 46 түрін анықтаған. Оның тек жетеуінің ғана адамға ықпалы бар. Қалғандары жануарлар арасында тарайды. Күні бүгінге дейін белгілі болған вирустың 46 түріне қарсы бірде бір вакцина жоқ. 

Десе де үшінші саты – ең ұзақ, әрі ең шешуші кезең. Мәселен, бұл кезде екпенің кері және жанама әсері белгілі болады. Вирусологтар вакцинадан пайда болған иммунитет уақытша ғана ұстауы мүмкін дейді. Мамандар олай болған жағдайда ковид індеті маусымдық ауруға айналып, індетке қарсы екпені кем дегенде жылына бір рет қабылдауға тура келеді дегенді алға тартады.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы