423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус: «Швед моделі» тиімділігін көрсете алды ма?

  • 87
  • UPD: 13:58, 03.11.2020

Бұған дейін Еуроодақта карантин енгізбеген жалғыз ел – Швеция өзінің коронавируспен күрес саясатын қайта қарастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда кейбір ауданда шектеулер енгізілді. Алайда билік жаңа шараларды міндеттемей, тек ұсынып отыр. Сарапшылардың айтуынша, елде індеттің екінші толқыны басталмаса, осы даулы «Швед моделі» өзінің тиімділігін көрсетуі мүмкін.

Бұл – Стокгольм. Әлемнің өзге қалаларындағыдай емес. Өзгеше көрініс. Көше толған кісі. Бетперде киіп жүргендерін байқамайсыз. Мұндай стратегия жергілікті тұрғындардың көңілінен шығып жатқанға ұқсайды.

БЛИЦ:

– Карантин кесірінен экономикалық қиындықтар туындары анық. Сонда талай адам жұмыссыз қалып, пәтер ақысын төлей алмас еді.

– Әлемнің көп елі қатаң карантин мен шектеулердің тиімділігі төмен екенін көрсетті.

Көктемде карантинге қарсы болған билік бұл жолы кейбір шектеулерді енгізген. Алайда олар ұсыныстық сипатқа ие. Мәселен, кейбір өңір тұрғындарына қоғамдық орындарға бармауға кеңес берілген. Десе де, билік бұл орындарды жапқан жоқ. Сонымен қоса жергілікті халықты мүмкіндігінше үйден жұмыс істеп, ара қашықтық сақтауға шақырып отыр.

Стокгольм тұрғыны:

– Тұрғындар онсыз да адам көп жиылатын орынға бармауға тырысады. Жолда топтаспай, бір-бірімізді айналып өтеміз.

«Швед моделінің» мәнісі мынада. Билік карантин енгізбей, орнына халықта ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын күтеді. Алайда мұндай тәжірибенің нәтижелеріне қатысты сан алуан пікір айтылып жатыр. Мәселен, корольдікте вирус құрбандарының саны осы Скандинавиядағы Норвегия және Даниямен салыстырғанда жоғары. Десе де қатаң карантин енгізген Еуропа елдерінен гөрі мұнда өлім көрсеткіші айтарлықтай төмен. Соңғы мәлімет бойынша елде расталған дерек саны 125 мыңның маңайында. Солардың 6 мыңға жуығы індеттен көз жұмған.

Андерс Тегнелл, Швецияның бас эпидемиологы:

– Бұл толық жеңіп шығуға болатын ауру емес. Біздің мақсатымыз – вирустың тарауын бақылауда ұстап отыру. Ауруханаларда науқастарды жатқызатын орны жеткілікті. Вакцина пайда болғанда, әлемдегі жағдай жақсарады деп үміттенеміз.

Алайда коронавирус жұқтырған шведтердің айтуынша, биліктің асығыс мәлімдеме жасамағаны жөн. Эмма Мартенссонның ауырғанына жарты жыл өтсе де, тыныс алуына қатысты қиындықтар әлі күнге дейін мазалайды екен.  

Эмма Мартенссон, жергілікті тұрғын:

– Меніңше біз бұл вирустың көбі ойлағаннан да әлдеқайда қауіпті екенін мойындауымыз керек.

Қазір Еуропаның көп елінде індеттің екінші толқыны басталды. Алайда Швецияда деректердің күрт артуы байқалмайды. «Швед моделі» жақтастарының айтуынша, бұл биліктің вируспен күресте ұстанып отырған саясатының тиімділігін айқындайды. Десе де сарапшылар бәріне уақыт төреші деп, стратегияның нәтижесі жайлы тек пандемия аяқталғанда ғана айтуға болатынын алға тартады. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Анэлиз Борджэс

Хабар 24 телеарнасы