425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде коронавирус індеті дендеп барады

  • 115
  • UPD: 22:12, 03.11.2020

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирус дертін жұқтырған адамдар саны 46 млн 400 мыңнан асты.

1 млн 200 мыңдай адам көз жұмды. Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты көптеген ел карантин шараларын қайта күшейте бастады. Алайда бұған халық наразы.

Мамандар күзде коронавирус індетінің екінші толқыны басталатынын бұрыннан ескерткен болатын. Алайда жағдай соншалықты ушығатынын ғалымдардың өздері де күткен жоқ. Көптеген елде анықталып жатқан науқастардың саны көктемгі кезден де асып кетті. Осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесіне түскен ауыртпашылық артып, ауруханаларда орын жетіспей бастады. 

Мария Ван Керкхове, ДДСҰ COVID-19 жөнінде техникалық жетекшісі:

– Солтүстік Америка мен бүкіл Еуропада жансақтау бөлімдеріне жатқызылатын науқастар саны өсіп келеді. Бұл көптеген елде бір мезгілде болып отыр. Сондықтан мамандар мен құрал-жабдықты жіберіп, бір-біріне көмек беруге мүмкіндіктері жоқ.

Індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатымен Еуропаның бірқатар мемлекеті карантин шараларын қайта енгізді. Францияда желтоқсан айына дейін ойын-сауық орталықтары, дәмханалар мен мейрамханалар жабылып, бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Германияда бір айға жеңілдетілген локдаун тәртібі қабылданды. Шектеулер негізінен спорт, ойын-сауық және қоғамдық тамақтандыру салаларына қатысты қабылданды. Одан шығынға ұшыраған шағын бизнеске өтемақы төленетін болды. Індеттің ең ауыр зардабын тартқан Бельгияда да қатаң шектеулер енгізілді. Коменданттық сағат жарияланып, азық-түлік дүкендерінен өзге барлық сауда орындары жабылды.

Англияда бейсенбіден бастап локдаун тәртібі күшіне еніп, желтоқсанның екісіне дейін жалғасады. Италияда да карантин енгізуге дайындалып жатыр. Бұл елде өңірлер арасында қарым-қатынас шектелетін болды. Бұл халық наразылығын тудырып, бүкіл ел аумағында наразылық шаралар өтіп жатыр. Осындай шерулер Еуропаның өзге елдерінде де үнемі болып тұрады.

Майкл Райан, ДДСҰ төтенше жағдайлар жөнінде бағдарламаның атқарушы директоры:

– Өз пікірін ашық айтып, наразылығын білдіруге құқығы бар. Халық шектеулерден жалыққанын түсінеміз. Алайда Еуропа елдерінің үкіметтері қазір қиын жағдайға душар болды. Бұған қалай жеткені туралы дауласуға болады, бірақ жағдай ауыр екені күмән туғызбайды. Бізге дәл қазір Еуропада індетті басып тастау керек. Ал шектеусіз бұл мақсатқа жете алмаймыз.

Мұны жақсы түсінген билік ереже бұзушыларға қарсы қатаң шаралар қабылдап отыр. Мәселен, Испанияның Мадрид қаласында полиция өкілдері түнгі клубтарға рейд жүргізген. Нәтижесінде тәртіп сақшылары коменданттық сағатты елемеген 100-ден астам көңіл көтеру кешін анықтады. Тығылып, құлыптанып отырғандардың тіпті есіктерін бұзып кірді. Айта кетейік, өткен аптада Испанияда жарты жылға төтенше жағдай режимі жарияланды. Өзге елдерде де тәртіп бұзушыларға абақтыға қамауға дейін қатал жазалар қарастырылған.

Хабар 24 телеарнасы