420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Трамп: Біз Жоғарғы сотқа жүгінеміз

  • 135
  • UPD: 20:37, 04.11.2020

АҚШ-та президенттік сайлау додасы шешуші кезеңге жақындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дауыс беру ресми түрде аяқталды. Қорытындылар әлі шыққан жоқ. Өйткені биыл өз таңдауын пошта арқылы жасағандар көп болып, дауыстарды санау әдеттегіден ұзаққа созылады. Үміткердің бірі жеңімпаз атану үшін сайлаушылар алқасының кемінде 270 дауысына ие болуы керек. Соңғы дерек бойынша Джо Байден 238, ал Дональд Трамп 213 дауыс жинаған.

Биылғы сайлау әдеттегіден біраз ерекшеленді. Оған пандемияның да әсері болды. Мәселен, бұл жолы учаскеге келмей, потша арқылы дауыс бергендер көп болды. Үміткерлердің пікірісайысы да үйреншікті жағдайда емес, онлайн өтті. Сарапшылар саяси шараның ел тарихындағы ең қымбат сайлау болғанын да хабарлайды. Оған 14 миллиард доллардан аса ақша жұмсалған. Бұл 2016 жылғы сайлаумен салыстырғанда, екі есе көп. Қазір саяси шара бюджетінен гөрі жеңіске кімнің жеткені қызығырақ болып тұр. Осы ретте жұрт Нью-Йорктегі Таймс-Сквер алаңына жиналып, нәтижелердің жария етілуін сол жерде күтуді ұйғарған.    

Нәтижелер әлі жарияланбады. Дегенмен Трамп мырза өзінің жеңісі жайлы мәлімдеді. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Нәтижелер бұрмаланды. Бұл – АҚШ халқын алдау. Бұл ұят нәрсе. Біз сайлауда жеңуге дайындалдық. Шыны керек, біз жеңдік. Нәтижелердің бұрмалануына қатысты оқиғалар заңға сәйкес тексерілуі тиіс. Біз Жоғарғы сотқа жүгінеміз.

Дональд Трамптың қарсыласы да жеңіске жететіне сенімді көрінеді.

Джо Байден, АҚШ президенттігіне үміткер:

– Біз жеңіске жақындап келеміз. Алайда кішкене шыдамдылық таныту керек. Өйткені пошта арқылы мерзімінен бұрын дауыс берушілер саны көп болғанын жақсы білдік. Оны санауға көп уақыт қажет. Барлық бюллетеньдердің саналып біткенін күтейік.

Қазір әлеуметтік желілерде бірінші ханымға қатысты қызу талқылаулар жүріп жатыр. Мелания Трамп дауыс беруге маска кимей келген. Дональд Трамптың өзі 24 қазанда мерзімінен бұрын дауыс беріп қойған еді. Желіде бірінші ханыммен қатар Канье Уэсттің де қылығы талқыланып жатыр. Әуелде республикашылдар партиясының атынан президенттік сайлауға қатыспақ болған америкалық рэп орындаушы бюллетеньге есімін жазып, өзі үшін дауыс берген.

Көпшілік аз уақыттан кейін дауыс беру нәтижелері дайын болады деп күтіп отыр. Бір қызығы, жеңіске Джо Байден жетсе, ол бірінші мерзімдегі жасы ең үлкен президент болғалы тұр. Биыл 20 қарашада бұрынғы вице-президент 78 жасқа толуы тиіс. Ал жеңіске Дональд Трамп жетсе, ол АҚШ тарихында екінші мерзімге сайланған 16-президент атанады. Бір қызығы, жұрт арасында екінші президенттік мерзімінің қарғысы деген сенім бар. Оған сәйкес, Ақ үй басшысы қайта сайланғанда оның жұмысының тиімділігі төмендеп, жанжалдар шығып, сәтсіздіктерге ұшырайды-мыс. Алайда мұның жай ғана наным-сенім екенін ұмытпаған жөн.       

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы