425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Венгрияда коменданттық сағат жарияланды

  • 109
  • UPD: 09:37, 05.11.2020
Венгрияда коменданттық сағат жарияланды

Венгрияда коронавирус індетінің өршуіне байланысты коменданттық сағат жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сағат түнгі 00:00-ден таңғы сағат 05:00-ге дейін үйден шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар елде барлар мен өзге де ойын-сауық мекемелері жабылатын болды.

Премьер-министр Виктор Орбанның айтуынша, ол парламенттен шектеу шараларын үш айға ұзартуын сұрайды. Мектептер, дүкендер, кинотеатрлар мен мейрамханалар өз жұмысын жалғастырады. Соңғы бір тәулікте Венгрияда коронавирусты жұқтырған 4 мыңдай адам анықталды. Бұл – індет басталғалы ең жоғары көрсеткіш.

Виктор Орбан, Венгрия премьер-министрі:

– Спорттық іс-шаралар, кинотеатрлар мен театрларда адамдар арақашықтық сақтап, міндетті түрде маска тағуы тиіс. Біз әр нысанды жіті тексеріп, санитарлық талаптарды сақтамаған орындарға айыппұл саламыз немесе мүлдем жауып тастаймыз.

Италияда да тап осындай шаралар қолға алынды. Ертеңнен бастап бұл елде коменданттық сағат тәртібі күшіне енеді. Италия тұрғындарына сағат түнгі 22:00-ден кейін үйлерінен шығуға болмайды. Сондай-ақ демалыс пен мейрам күндері сауда орталықтары жұмыс істемейді. Ал жоғары сынып оқушыларының барлығы қашықтан оқуға көшеді.

Хабар 24 телеарнасы