423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Америка өз таңдауын жасады

  • 250
  • UPD: 14:02, 05.11.2020

Алайда дәл қазір кімнің жеңіске жеткенін тап басып айту қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі сайлау қорытындысы әлі жарияланған жоқ. Қазір сіздер Джорджия штатындағы Атланта қаласында дауыс санау сәтін тікелей эфирде көріп отырсыздар. Мұнда жеңіске жеткен үміткер 16 дауыс иеленеді. Ол штатта өзірше Трамп сәл алда тұр.

Сиэтл қаласында тәртіпсіздіктер белең алуда. Демократтардың жақтастары өз назарылығын танытуда. Кейбір азаматтар жолдарды жабуға жұмылды. Бірнеше адам ұсталды. Тәртіп сақшылары сегіз адамға шара қолданғаны туралы айтады.

Дональд Трамп, АҚШ президенттігіне үміткер:

– Біз сайлауда жеңіске жетуге дайын болдық әрі шынында да жеңіске жеттік.

Джо Байден, АҚШ президенттігіне үміткер:

– Біз жеңіс жолындамыз. Дауыстарды түгел санап шыққанша, шыдамдылық танытуға тура келеді.

Екі үміткер де күні бұрын өздерін жеңімпаз деп танығанымен, Ақ үйден орын алуға әзірше Джо Байден жақын тұр. Құрама Штаттардың 46-шы президенті атануы үшін Байденге қазіргі уақытта небары 6 дауыс қана жетпейді. Демократтар атынан додаға қатысқан үміткер таңдауы құбылып тұратын Висконсин мен Мичиган штаттарында да аз ғана басымдықпен болсын жеңісті жұлып әкетті. Енді екі кандидат Пенсильвания, Солтүстік Каролина мен Джоджия штаттарындағы дауыс беру қорытындысын күтіп отыр. Бұдан бөлек Невада мен Аляскада кімнің жеңіске жеткені де әзірше белгісіз.

Джо Байден, АҚШ президенттігіне үміткер:

– Біз жеңіске жеттік деп қазірден айтуға болар еді. Алайда дауыстарды санау аяқталған соң жұрттың өзі де көз жеткізеді. Біздің жеңімпаз екеніміз мойындалады.

Биыл сайлау қорытындысын жариялау мерзімі коронавирус салдарынан біршама созылып кетті. Пандемияға байланысты америкалықтар пошта арқылы дауыс беріп, елде рекордтық көрсеткіш тіркелді. Алайда 3 қарашада жіберілген бюллетендер соңғы болып саналады екен. Сондықтан Байденнің басымдығы санаулы сағаттар бұрын тағы да арта түсті. Трампты қолдаушылар негізінен сайлау учаскелерінде дауыс беруді жөн көргендіктен, бастапқыда қазіргі президент көш бастады.

Кэти Букварь, Пенсильвания штатының мемлекеттік хатшысы:

– Пошта бюллетендерін санау біраз уақытты алады. Біз жіберілген бюллетендердің 50%-%-ін қарап үлгердік. Бірақ әлі де санаққа түсетін миллиондаған бюллетень бар.

Дауыс санаудың дұрыстығына күмәнданатын республикалықтар кейбір қорытындыға наразы болып отыр. Осыған байланысты Дональд Трамп штабы Пенсильвания, Мичиган және Джорджия штаттарының билігін сотқа берді. Айтуынша, аталған өңірлерде сайлау қорытындысын бақылауға мүмкіндік жоқ. Ал біраз бұрын Трамптың өзі де сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтып, ресми қорытындыға қатысты сотқа шағымданатынын жеткізген болатын.

Дональд Трамп, АҚШ Президенттігіне үміткер:

– Бір күн бұрын демократтар басқаратын негізгі штаттардың көбінде үлкен басымдықпен алда келе жатқан едім. Алайда бірте-бірте көрсеткіш құбылып сала берді. Қызық екен!

Қазіргі кезде Америка азаматтарының пікірі екіге жарылып тұр. Кейбіреулер тіпті бюллетендердің әділ саналуын талап етіп, Манхэттен көшелеріне шыққан. Дегенмен өзге штаттарда жағдай тыныш. Алайда сарапшылар президенттік сайлауға байланысты елде наразылықтың жаңа толқыны бастала ма деп қауіптенеді.

– Трамп жеңіске жетсе екен деймін. Меніңше, Байденмен бірге еліміз тек әлсірей түседі деп ойлаймын. Ол алға қойылған мақсаттарды орындай алмайды. Батылдығы жетпейді.

– Бұл елді түсініп болмайсыз. Джо Байденнің жеңіске жететіні әуелден-ақ анық болды. Бірақ пандемия кезінде көмекке келмеген азаматқа көп адамның дауыс беруі ақылға қонымсыз. Оның кесірінен елде 250 мың адам көз жұмды. Соған қарамастан, тұрғындар оған дауыс берген.

Президенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы бүгін жариялануы мүмкін. Демократ Джо Байденнің алда келе жатса да, тап қазір оны Американың 46-президенті атанды деуге ерте. Себебі қорытынды шешім әлі шыққан жоқ.

Хабар 24 телеарнасы