422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Франция вирусқа шалдыққан науқастарды Германияға жібереді

  • 108
  • UPD: 22:52, 05.11.2020

Францияда коронавирустың алғашқы толқыны кезінде жергілікті ауруханаларда орын мен жабдық жетіспей, індет жұқтырғандардың біразы Германия, Австрия, Люксембург пен Швейцарияға жіберілген еді. Енді міне жағдай тағы ушықты. Сондықтан билік қайтадан көрші елден көмек сұрауға мәжбүр. Ковид-науқастардың бір бөлігі Германияға жіберілетін болды. Бұл алдағы 10 күн ішінде іске асуы тиіс. Әзірге билік орын тапшылығы мәселесін жергілікті деңгейде шешуге тырысып жатыр. Індет өршіп тұрған өңірлердегі науқастар эпидемологиялық ахуалы сәл де болса жақсы аудандарға жіберіліп жатыр.

Франция денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдай қайталанбас үшін кейбір өңірлерде ғана локдаун енгізген Ұлыбритания билігі бүкіл ел аумағында қатаң карантин жариялады. Ол бүгіннен бастап 2 желтоқсанға дейін күшінде болады. Енді 4 апта бойы спорттық залдар, сән салондары, мұражайлар, театрлар жұмыс істемейді. Ең қажетті тауарлар сататын дүкендер ғана ашық болады. Мейрамханалар мен дәмханаларда тамақты өзімен бірге әкету қызметі ғана бар. Тұрғындар үйден тек дәлелді себептермен шыға алады. Дегенмен, мектептер мен жоғары оқу орындары жұмысын жалғастырады. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты жергілікті дәрігерлерге көмекке дрондар тартылған. Ұшу аппараттары тесттер мен дәрі-дәрмекті тасымалдайды. Бұл бір жағынан медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді, екіншіден, жеткізу жұмыстары кезінде вирусты жұқтыру қаупін азайтады.

Эмили Грейвесток, Ұлыбритания ғарыш агенттігінің өкілі:

- Коронавирусқа байланысты әлемдегі ахуал бізді кейбір мәселелерді шешудің жаңа жолдарын табуға итермеледі. Сөйтіп, біз медициналық жабдықтар мен дәрілерді тасымалдау үшін дрондарды іске қостық. Бұл уақытпен қатар ақша үнемдеу жағынан да тиімді.

Түркияда коронавирус өршіп тұр. Елде эпидемологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жаңа шектеу шаралары енгізілді. Бірқатар қоғамдық тамақтану орындары мен мекемелерінің жұмыс уақыттары өзгертілді. Бұл қандай мекендер? Шектеу шараларының ережесі қандай? Түркия еліндегі ахуал қалай?

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Түркияда күн сайын коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны артып барады. Соңғы тәулікте мұнда 2391 адам індет жұқтырды. 77 науқас көз жұмды. Жұқпалы вирустан бақилық болғандардың саны 10 жарым мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, ел ауруханаларындағы 51,7% орын толған. Осыған байланысты үкімет бірқатар жұмыс орындарына шектеу енгізді. Мәселен, елде кафе, мейрамхана, кинотеатр, концерт залдары, шаштараз, бассейндер мен басқа да қоғамдық мекемелер кешкі онда жұмыстарын тоқтатуы тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік секторлары ыңғайлы жұмыс тәртібіне көшті. Ал Ыстамбұлдағы жағдай басқаша. Мұнда соңғы бірнеше аптада коронавирусқа шалдыққан жандар өте көп. Сондықтан 60 жастан асқан азаматтар, созылмалы ауруы бар кісілер, жүкті әйелдер мен 10 жасқа толмаған балалары бар азаматтардың қашықтан жұмыс істеуіне рұқсат етілді. 9 қарашадан бастап өнеркәсіп саласындағы жұмысшылар таңғы 7-де жұмыс істейді. Бұл шаралар, коронавирус ең көп тіркелген 16 миллиондық мегаполистегі қарбаласты азайтуға бағытталған. 

Бұдан бөлек Түркияда коронавирусқа қарсы сақтық шаралары аясында көшеде темекі өнімдерін шегуге тыйым салды. Қазір мұндай провинциялардың саны 14. Алдағы уақытта мұндай шектеу қойылған шаһарлар саны артуы мүмкін. Шешім әлеуметтік парақшаларда пікірталас тудырып, тұрғындар ойы қақ жарылды. Тіпті мұны «коронавируске қарсы ашық күрес пе, әлде темекі өнімдеріне қарсы астыртын күрес пе?» деген сауалдар да көбейді. Шектеу шараларын орындамағандар 45 мың теңге айыппұл төлейді. Енді Түркиядағы 14 провинцияның тұрғындары, көше, саябақ пен осы секілді қоғамдық орындарда шылым шеге алмайды. 

Кенан Кесижи, шылым шегуші: 

- Әрине зияны бар, алайда қандай шектеу шаралары келсе де шылым шегемін. Бұл менің құқығым, бостандығым. Өзімнің ағзама зиян келтіремін. Өзім жауаптымын. Мен қалай темекі тартпайтындарға құрмет көрсететін болсам, олар да маған солай құрмет көрсетсін.

Дилар Кавак, тұрғын:

- Темекі тартпайтын азамат ретінде бұл кезеңде қоғамдық жерлерде шылым шегуге арналған шектеуді қолдаймын. Мәселен, бүгінде қоғамдық тамақтану орындарында желдеткіштерді қосуға тыйым салынған. Неге коронавирус жұқтырған кісінің вирустары бізге жұқпауы үшін. Темекі де тап солай. Қасымызда шеккен кісіден бізге жұқпауына кім кепіл?

Елімізде 2-тоқсаннан бастап, бастауыш сыныптары мектеп қабырғасында оқитын болды. Түрік елі, білуімізше мұндай шешімге бірер ай бұрын келген. Орта білімдегі жағдай қандай? Оқушы коронавирусқа шалдыққан жағдайда қай механизм жұмыс істейді? 

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Түркияда 2 қарашадан бастап дәстүрлі білім берудің 3-кезеңі басталды. 1-кезеңде мектеп қабырғасында дайындық және бірінші сыныптар оқыған. Екінші кезеңде 2, 3, 4-сыныптар мен мемлекеттік сынақ тапсыратын 8-12 кластар бастады. Бірер күн бұрын 5 және 9-сыныптар мектепке оралды. Қалған оқушылар 23 қарашада мектепке барады. Дегенмен, оқушылар күнделікті мектепке бармайды. Аптасына 2 рет. Алдағы коронавирустық жағдай оқу бағдарламасына өзгеріс енгізуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі оқушы жұқтырған жағдайда қандай алгоритм іске қосылатыны жөнінде жариялаған. Оған сәйкес, білім беру мекемелерінде 4 сыныптан бастап барлық оқушылар маска тағуға міндетті. Егер сыныпта бір бала қауіпті індет жұқтырса, сынып оқуын жалғастырады. Сынамасынан вирус шыққан баланың жағдайын медицина қызметкері бақылайды. Клиникалық симптомы болмаса оқуын жалғастыруы мүмкін. Сыныптың мұғалімі мен оқушылары 14 күн бойы күніне 2 рет дене қызуы өлшейді. Сынып оқушылары өзге балалардан оқшау жүреді. Алайда сол класта 2 немесе одан да көп оқушы вируске шалдықса 14 күндік карантинге жатқызылады.

Қазірше, қанша оқушының коронавирусқа шалдыққаны жөнінде нақты ақпарат жоқ.

Хабар 24 телеарнасы