425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританиядағы екінші локдаун экономикаға кері әсерін тигізеді

  • 92
  • UPD: 18:36, 06.11.2020

Екінші жалпыұлттық локдаун Ұлыбританияның экономикасын әрі құлдырата түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Англия банкі осындай көңіл көншітпейтін мәлімдеме жасады. Сарапшылардың пайымдауынша, бір жағынан жұмыссыздық жағадан алса, екінші жағынан Брексит бойынша ортақ мәміленің жоқтығы етектен тартпақ. Коронавирустың екінші толқынының Біріккен корольдікке әсері туралы лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы тарқатып айтып береді.

Локдаунның алғашқы күні Лондонда ерекше бір табиғи құбылыс байқалды. Аспаны алқызыл түске боялып, Темза өзені де ерекше құбылды. Бірақ жұрттың көбісі мұндай керемет көрініске көңіл бөлмеген де сияқты. Екінші жалпыұлттық локдаун көпшіліктің жоспарын тас-талқан еткендей. Орталық көшелер мен автожолдарда тым-тырыс. Өйткені халыққа мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берілген. Дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істеп тұр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Дүкендерде азық-түлік өнімдеріне қатысты шектеулер жоқ. Сөрелерде алғашқы локдаун кезінде тапшы болған қарапайым тұрмысқа қажет заттардың бәрі толып тұр. Мұнда ең бастысы бетперде киюді ұмытпаған абзал. Әйтпесе қызметкерлерден ескерту аласыз немесе полиция айыппұл төлетеді.

Англиядағы жаңа локдаун жергілікті халық наурыздан мамырға дейін бастан кешкен карантиннен өзгерек. Бұл жолы бірге тұрмайтын адаммен көшеде кездесуге рұқсат етіледі. Спортпен айналысып, мейлінше қыдыра беруге де болады. Мектептер мен университеттер оқу процесін тоқтатпайды.

– Бұл жолы екінші локдаунға дайындалуыма біршама уақытым болды. Тоңазытқышымда дәмді тамақ пен жақсы шарап болса, паркте қыдыруға рұқсат етілсе, одан артық не керек?! Тек көңіл-күйді көтеріңкі ұстау керек.

– Мұның пайдасынан гөрі зияны көп. Егер мәселенің мәнісін зерттейтін болсақ, шығыны шаш етектен. Жаңа локдаунның көмегі тиер, бірақ экономиканы құлдыратпай қоймайды.

Англия банкі екінші локдауннан кейін Ұлыбритания экономикасы төртінші тоқсанда 2%-ке қысқаратынын мәлімдеді. Бір жылда экономика рекордтық 11%-ке әлсіремек. Келер жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі ең жоғарғы көрсеткіш 8%-ке жуық өседі. Парламентте сөз алған қаржы министрі халықты қолдауға бағытталған қаражат туралы хабарлады.

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

– Экономиканы қайта қалпына келтіру ісі баяулады. Жағдайдың айқынсыздығын ескере отырып «Ақысы төленетін еңбек демалысы» бағдарламасын келер жылдың наурызына дейін созу керек деп шештім. Үкімет жұмыссыз қалғандардың жалақысының 80%-ін төлеуді жалғастыратын болады.

Ұлыбритания жыл соңында экономикалық дағдарыспен қатар Брекситтің де салқын ызғарын сезінбек. Осы уақытқа дейін Лондон мен Брюссель тіл табыса алмай келеді. «Тараптар ортақ келісімге келгеннің өзінде Еуроодақпен сауда қатынасы бұрынғыдай болмайды», – дейді Англия банкі.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы