422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда ауаның ластану деңгейі ең жоғарғы көрсеткішке жетті

  • 152
  • UPD: 11:26, 07.11.2020

Үндістанда тағы да ауаның ластану деңгейі максималды көрсеткішке жетті. Көктемде карантинге байланысты фабрикалар мен зауыттар жабылып, мамандар экологиялық ахуалдың жақсарғанын айтып еді.

Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Оқшаулау тәртібінен жалыққан жұрт тысқа шығып, көшеде көлік қаптады. Тиісінше ірі қалаларды қайтадан көк түтін тұмшалады. Дәрігерлер экологиялық жағдай эпидемиологиялық ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін екенін ескертеді.

Үндістанның ірі шаһарларында 2 апта бойы ауадағы зиянды заттардың мөлшері қауіпті межеден түспей тұр. Бұған экологтар емес, дәрігерлер алаңдаулы. Өйткені ауа сапасының нашарлауы ковид-науқастар арасында өлім көрсеткішінің артуына әкелуі мүмкін.  

Радж Лошан, эпидемиолог:

- Қыста респираторлық аурулар саны артады. Олардың қатарына ковид-19-ды да жатқызуға болады. Италия мамандары ауадағы зиянды заттар мен коронавируске қатысты кісі өлімі арасында байланыс барын дәлелдеді. Өйткені ковид-19 жұқтырған науқастар ластанған ауамен тыныс алса, аурулары асқынып кетуі әбден мүмкін. 

Ауаның ластану деңгейінің қалыпты көрсеткіші  - 50. Алайда соңғы күндері Үндістан астанасында бұл сан 999-ға жеткен. Бұл шұғыл шараларды қажет ететін қауіпті көрсеткіш саналады. Яғни тұрғындардың тысқа шығуын шектеу керек. Алайда жергілікті халықтың мамандар ескертуіне құлақ асып жатқаны шамалы. Күзде Нью-Дели төңірегі мен көрші өңірлердің фермерлері егіс алқаптарында қалған сабанды өртейді. Бұл экологиялық ахуалдың нашарлауына өз кесірін тигізеді. 

Раджив Миччан, ауаның ластануын бақылау жөніндегі орталық кеңес маманы:

- Ауыл шаруашылығы зерттеулер институтының ғалымдары арнайы ерітінді жасап шығарған. Ол сабан мен масақты өртемей-ақ тыңайтқышқа айналдырады. Алайда біздің фермерлер инновацияны қолданғысы жоқ. Солардың кесірінен 20 миллион халқы бар шаһар көк түтіннен көз ашпай отыр. Зиянды заттар адамның өкпесіне түсіп, онкологиялық және жүрек ауруларын туғызады. Олар сондай-ақ иммунитеттің төмендеуіне әкеп соқтырады. Ал ол коронавирус жұқтыру қаупін арттырады.  

Парламенттің жарлығымен елде кейбір көліктің қозғалысын шектейтін жүйе енгізіліп жатыр. Мұнан бөлек өрт сөндірушілерге биік ғимараттарға су шашып отыру тапсырмасы берілді. Полицейлер фермерлердің сабан өртемеуін қадағалау үшін рейд жүргізіп жатыр. Ережені бұзғандарға қомақты айыппұл салынады. Бірақ елеген ешкім жоқ. Өйткені соңғы күндері бір ғана Нью-Дели төңірегінде шөп өртеудің 3 мың дерегі анықталған. 

Жұлдыз Атагельдиева, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы