423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египетте туристік сала тұралап қалды

  • 104
  • UPD: 11:28, 07.11.2020

Коронавирус індеті салдарынан Египеттің туризм саласы ауыр дағдарысты бастан кешіп отыр. Жергілікті мамандардың болжамынша, жағдай келер жылға дейін оңала қоймайды. Еуропа елдерін індеттің екінші толқыны басты. Ал Египеттің тарихи ескерткіштерін көруге турист негізінен осы құрлықтан келетін. Сондай-ақ террорлық қауіпке байланысты елде төтенше жағдай жарияланды. 

Індеттен тұралап қалған туризм саласы тек 2021 жылдың қазанында толығымен қалпына келеді. Бұл үшін ең алдымен коронавирусты жеңу керек. Осындай болжам жасап отырған сарапшылар вакцина табылса, туризм саласы екі айда қайта жанданатынына сенімді. Дерттен дауа іздеп жатқан жергілікті ғалымдарға қонақүйлердің иелері үлесін қоспақ болып, өз гильдиясын құрды. Бұл қауымдастықтың әр мүшесі медициналық зерттеу орталықтарының есеп-шотына табысының 30 процентіне дейін аударуға міндеттеледі.

Адель Бахира, қонақүйлер гильдиясының құрылтайшысы:

- Дағдарыстан шығу мерзімі жөнінде болжамды Египет мәдени туризм қауымдастығының басшысы жариялаған болатын. Әрине оған сенеміз, бірақ қол қусырып отыра алмаймыз. Саламыз зор шығынға батты, қонақүйлер күйзеліп, туристер келмей жатыр. Өзімнің 20 бөлмелік 3 қонақ үйім бар. Өткен маусымда 200 мың доллар тапқанмын. Ал биыл 30 мың долларға да риза болар едім. Бірақ бар ақшам қызметкерлердің жалақысы мен коммуналдық қызметтерді төлеуге кетіп отыр. Медиктерге көмектеспесек, екі айдан кейін бәріміз де тақырға отырып қаламыз.  

Қазір Хургада мен Шарм-эль-Шейхтегі қонақүйлер қаңырап тұр. Туристердің басты нысанасы Гиза пирамидалары мен перғауындар алқабы да бос. Елдің тарихи мұрасы саналатын бұл ескерткіштер мемлекет қазынасына тұрақты түрде қомақты табыс әкелетін. 

Тауфик Хамад, қонақүй менеджері:

- Қонақүйлердің көбісі тіпті бір айда қалпына келеді. Өйткені бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам демалысқа баруды аңсап отыр. Ал біз өз жұмысымызды сағынып кеттік. Бөлмелердің шаңын сүртіп, қызметкерлердің денсаулығы жөнінде анықтама тапсырсақ болды, бірден жұмысқа кірісіп кетеміз. Бір жыл бойы экскурсияға шығуға тыйым салынған еді. Ал қазір пандемияның екінші толқыны басталды. Бізді тек вакцина құтқара алады. Екінші жылға оқшаулансақ, туризм саласы мүлдем құриды. 

Медициналық зерттеу орталықтары кәсіпкерлердің бастамасын құптаса да вакцинаның жасалуына кепіл бере алмайтынын ескертті. Сондай-ақ террорлық қауіптің артуына байланысты үкімет елде төтенше жағдай жариялады. Ал бұл туризм саласының жандануына қосымша кедергі келтіретіні анық. 

Авторлар: Светлана Брахмит, Амр Мурад

Хабар 24 телеарнасы