423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда вирусты жұқтыру деректері күрт артты

  • 90
  • UPD: 16:38, 07.11.2020

Грузиядағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Елде вирус жұқтыру деректері күрт артып, ауруханалар толуға шақ қалған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайға елдегі наразалық акциясы мен парламенттік сайлау себеп. Әлі күнге дейін оппозиция өкілдері қайтадан сайлау өткізуді талап етіп, азаматтарды көшеге шығуға шақырып жатыр. Ал бұл тұрғындардың өміріне қауіпті дейді мамандар. 

Грузияда коронавирус жұқтыру деректері тағы да артты. Бір тәулікте 3 үш мыңдай адам вирус жұқтырып, 20-сы қайтыс болды. Грузия билігінің айтуынша, мұндай өсімге елдегі наразылық акциялары мен парламенттік сайлау түрткі болған. Осыған байланысты коронавирус жұқтырған үкімет басшысы барлық министрлік пен ведомстволарды мобилизацияға шақырды. 

Георгий Гахария, Грузия премьер-министрі:

- Көшеде болып жатқан саяси процестер мен Еуропада вирустың таралу қарқынын ескерсек, инфекцияға шалдығу деректері арта түседі. Бұл факт және біз оған толық дайын болуымыз керек. Қазір жағдай біз күткеннен әлдеқайда нашар. 

Қазір гүржі дәрігерлері ең маңыздысы адамдардың өмір сүру мен денсаулық құқығы екенін айтуда. Сондықтан саяси партияларды осы бір қиын уақытта азаматтардың денсаулығын қауіп-қатерге тікпеуге шақырып отыр. Өйткені ауруханалардағы төсек-орын саны онсыз да шектеулі екен. Ал медициналық қызметкерлер болса жетіспей жатқан көрінеді. 

Екатерина Тикарадзе, Грузияның денсаулық сақтау министрі:

- Біздегі ковид-клиникалар базасында 5 мыңға жуық төсек-орын бар. Қажет болса оны 7 мыңға дейін жеткізе аламыз. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі елдегі басқа да емханаларды осы тізімге қосуға тырысып жатыр. Бірақ ең маңызды мәселе адам ресурсы болып тұр. Сондықтан қызметкерлерді жұмылдыру бойынша іс-шаралар өткіздік. Бізге медициналық жоғарғы оқу орындарының студенттері көп көмектесіп жатыр. Коронавируспен күреске өз еркімен қатысқандардың бәріне алғыс айтамын. 

Грузияда пандемия басталған кезде вирус жұқтырған әрбір науқас мамандардың бақылауында болса, инфекцияға шалдығу деректерінің күрт артуымен жағдай өзгерді. Қазір ауруханаларда бос орын жоқ. Сондықтан көбі үйде емделуге мәжбүр. Айта кетейік, бүгінде Грузияда вирус жұқтырғандардың саны 50 мыңнан асады.  

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы