425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстанда жаяу жүргендерге ақша төленетін болды

  • 180
  • UPD: 10:04, 08.11.2020

Өзбекстандықтардың әр қадамы енді табыс әкелмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел билігі жаяу жүргендерге ақша төлеуге дайын. Күніне 10 мыңнан астам адым жүрген азаматқа 125 теңге төленеді. Жақында осыған байланысты Өзбекстан Президентінің тиісті қаулысы шықты.

Өзбек президентінің бұл қаулысы салауатты өмір салтын берік ұстануы үшін азаматтарды жігерлендіруге бағытталған. Күн сайын 10 мың қадам жүрген өзбектің электронды әмиянына 3 мың сом түсіп тұрады. Бұл шамамен 125 теңге. Межені күнде орындап отырсаң, бір айда 100 доллар жинап алуға болады. Ал облыс, тіпті республика бойынша ең көп жүрген адамның табысы бұдан да еселей түспек.

Махбуба Курбанова, Өзбекстан Дене шынықтыру және спорт министрлігінің бас маманы:

– Облыс бойынша ең көп жүрген адамға қосымша 500 мың сом төленеді. Ал ел ішінде жаяу жүруден бірінші болсаң, онда Үкімет электронды әмияныңа тағы да 1 млн сом аударуға дайын. Америкалық ақшамен есептегенде, бұл – 100 доллар.

10 мың қадамды сол азаматтың өзі еңсерді ме, жоқ әлде оның орнына басқа біреу жүрді ме – мұны нақты қалай анықтауға болатыны әзір белгісіз. «Тек саусақтың іздерімен кіруге рұқсат мобильдік қосымша ойлап табуымыз ғажап емес», – дейді спорт министрлігі.

Жасын Біркенов, тілші:

– Тағы бір түртіп айтатын жайт: денсаулыққа зиян келтіретін тауар өндіретін кәсіпорындар үшін қосымша салық енгізілмек. Азаматтардың жаяу жүргені үшін сыйақы осы міндетті төлемнен төленеді. Бұл арнайы алымның мөлшері қанша болатыны әзірге белгісіз.

Махбуба Курбанова, Өзбекстан Дене шынықтыру және спорт министрлігінің бас маманы:

– Денсаулыққа зиян келтіретін өнім өндірушілер үшін арнайы салық енгізу керек. 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін министрлер кабинетіне осындай ұсыныс жіберілуі тиіс. Арнайы төлемді алкогольді ішімдіктер, темекі және басқа да зиянды тағамдар шығаратын кәсіпорындар төлеуге міндетті болмақ.

Президенттің қаулысына сәйкес жұмыс орнында 1 минут жаттығу жасау әрі аптасына бір рет кез келген спорттың түрімен айналысу міндеті мемлекеттік қызметкерлерге артылмақ.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы