420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-тағы басты саяси дода өз мәресіне жетті

  • 222
  • UPD: 16:03, 08.11.2020

Америка халқы өз таңдауын жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ-тың 46-ншы президенті болып 78 жастағы демократ Джо Байден сайланды.

АҚШ-тағы басты саяси дода өз мәресіне жетті. Демократтардың атынан сайлауға түскен Джо Байден Дональд Трамптан басым түсіп, сайлауда жеңімпаз атанды. Американың бұрынғы вице-президенті 290 дауыс жинады. Ал Трамп небары 214 дауысқа ие болған.

Джо Байден, жаңа сайланған АҚШ президенті:

– Америка, ұлы мемлекетіміздің басшысы ретінде таңдағандарыңыз – мен үшін мәртебе. Алда қиын жұмыс тұр. Маған не басқаға дауыс бергендеріңізге қарамастан, барлық америкалықтың президенті болуға уәде беремін. Маған артқан сенімдеріңізді ақтаймын.

 Жалпы биылғы сайлау ерекше өтті. Ерекшелігі сол, ол ел тарихындағы ең қымбат саяси шара болып отыр. Оған 14 млрд доллардан астам қаражат жұмсалған. Бұдан бөлек індетке байланысты адамдар өз таңдауын сайлау учаскесінде ғана жасап қана қоймай, алдын ала пошта бөлімшелері арқылы да дауыс беруге мүмкіндік алды.  Бірақ президент Трамп бюллетень арқылы дауыс беруге күмән келтіріп, заңбұзушылықтың барын алға тартты.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Нәтижелер бұрмаланды. Бұл АҚШ халқын алдау. Бұл ұят нәрсе. Біз сайлауда жеңуге дайындалдық. Шыны керек, біз жеңдік. Нәтижелердің бұрмалануына қатысты оқиғалар заңға сәйкес тексерілуі тиіс. Біз Жоғарғы сотқа жүгінеміз.

Тони Эверс, Висконсин штатының губернаторы:

– Мұндай айыптар негізсіз. Бірақ осындай күдік-күмәнді күткенбіз. Дегенмен сайлау процесіне атсалысқан азаматтар өте көп жұмыс істеді. Еріктілер, қызметшілер, ұлттық гвардия коронавирус індеті таралған өте қиын уақытта өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Сондықтан негізсіз айыптауға көңіл аударудан жалықтық. Егер қажет болса, бюллетеньдерді қайта санасын. Біз оған қарсы емеспіз.

Қалай болғанда да, екі үміткер жеңіске жету үшін әуелден-ақ сайлаушылар алқасының кемінде 270 дауысын жинауға ұмтылды. Алайда сайлаудың тартысты болғаны сонша тараптардың соңғы күресі Невада мен Солтүстік Каролина, Пенсильвания, Висконсин мен Джорджия және Мичиган штаттарында өрбіді. Демократтар да, республикашылдар да осы бір «құбылмалы» штаттардағы жағдайды басты назарда ұстады. Бірақ ақыр соңында бәйгені Байден алды.

Джо Байден, жаңа сайланған АҚШ президенті:

Адамдар өз таңдауын жасады. Олар бізге таза әрі сенімді жеңіс әкелді. Біз осы 74 млн-нан астам дауыс жинадық. Бұл ел тарихында Президент үшін берілген ең көп дауыс.

Американың жетекші БАҚ-тары сайлауда Байденнің басым түскенін хабарлағаннан кейін Трамп та қалыс қалмай, Twitter-дегі парақшасында өзінің жеңіске жеткенін жазды. Жалпы президент болған төрт жыл ішінде Трамп тек әлеуметтік желілердегі мәлімдемелермен ғана есте қалған жоқ. Ол АҚШ-тың көші-қон саясатын қатаңдатты. Қытаймен сауда соғысын бастап, жақтастарына қатысты тергеу жүргізді. Импичмент пен коронавирус мәселелері тағы бар.

Бұл сайлаудағы ең жаманы коронавирус болды. Вакцина туралы хабар әлі де жоқ.

Менің ойымша, ел дұрыс таңдау жасады. Сондықтан мен алдағы төрт жылда не боларын асыға күтемін. Сайлау кезінде берген уәдесі орындалады деп үміттенемін.

АҚШ тарихындағы ең қарт президент атанған Джо Байден қарашаның 20-сында 78-ге келеді. Ол Барак Обама ел басқарған кезде АҚШ-тың вице-президенті қызметін атқарды. Ал 1973-2009 жылдар аралығы Делавэр штаты атынан АҚШ сенаторы болды

Хабар 24 телеарнасы