424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Джо Байден жалпыұлттық маска тағу режимін енгізбек

  • 97
  • UPD: 21:28, 09.11.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 50 млн 700 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 1 млн 200 мыңы көз жұмды. 35 млн-нан астамы жазылып шыққан. Жазда коронавирустың беті қайта бастағанмен, күз басталысымен қайта өршіді. Қазір АҚШ, Үндістан, Ресей мен Европада жағдай қиындап тұр. Аурудың әлегімен арпалысқан билікті халықтың наразылық акциялары да шаршатты. Өйткені карантин талаптары қатаңдаған. Кей аймақтар жергілікті жұртты жаппай тестіден өткізіп жатыр.

Эпидемиологиялық ахуал әсіресе АҚШ-та күрделі. Оның үстіне елдегі наразылық акциялары мен президенттік сайлаудан кейін аймақта шектеу шаралары күшейтілуі мүмкін.

 

АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден жалпыұлттық маска тағу режимін енгізбек

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде коронавирусқа шалдыққан науқастардың жартысына жуығы Солтүстік және Оңтүстік Америкада тіркелген. Бұл аймақтарда 21 млн науқас анықталса, 13 млн-ға жуығы Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияда.

АҚШ – коронавирус індетінің таралуы және өлім-жітім көрсеткіші бойынша әлем елдері арасында бірінші орында тұрған ел. Жағдайдың ушығуына байланысты Джо Байден ресми түрде билікке келмей тұрып бүкіл ел аумағында жалпыұлттық бетперде кию режимін енгізбек. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Байден бұған «губернаторлармен жұмыс істеу арқылы» қол жеткізбек. Ал егер олар бас тартса, жеке округтерде іске асырмақ.

Джо Байден, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті:

 

– Мен әділдік пен қауіпсіздік үшін қолымнан келгенін істеуге тырысамын. Вирустың таралуына тосқауыл қою үшін ғылым саласындағы барлық күшті жұмылдырамын. Ұлттың саулығы басты орында. Коронавирусқа қатысты мәселе аясында күш біріктіретін ғалымдар мен сарапшылардың басын қосып, алдағы жоспарымызды айқындайтын боламыз. Жұмысымыз алдағы жылдың 20 қаңтарында басталады.

 

Үндістанда бір тәулікте 45 мың адам коронавирус жұқтырған

Ал Үндістанда бір тәулікте вирус жұқтырғандардың саны 45 мың 600-ден асса, 559 адам осы кеселден көз жұмды. Қазір әсіресе Нью-Делидегі жағдай қиын. Кей сарапшылар елде аурудың үшінші толқыны басталды деген пікірде. Жергілікті денсаулық сақтау ұйымының өкілдері: «Бұған тұрғындардың санитарлық нормаларға бейқам қарауы себеп», – дейді.

Елдің түрлі аурулармен күрес орталығы қыс мезгілінде жағдай одан бетер қиындап кетуі мүмкін екенін айтады. Өйткені коронавирустан өзге де респираторлық аурулар ушыға түседі. Бұған қоса ауаның ластануы да адамның иммунитетін төмендетеді.

 

Ресейде шектеу шаралары күшейтілді

Ресейде де індеттің таралуы бәсеңдемей тұр. Соңғы күндері 22 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. Әсіресе ел астанасы Санкт-Петербор мен Мәскеу облысында науқастар көбейді. Эпидемиологиялық ахуалды қолға алу үшін жергілікті билік шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Енді 22 қарашаға дейін кез келген ойын-сауық шаралары өткізілмейтін болды. Кей қоғамдық тамақтану орындары да жұмысын шектейді. Ал мектеп оқушылары өз еркімен қашықтан оқу форматына көше алады.

Роман Камарзаев, дәрігер:

– Ауруханаға түскендердің көбі – жас буын өкілдері. Олар тіпті созылмалы ауруы жоқ мықты адамдар деуге болады. Әрине, коронавирустан басқа өзге аурулары бар науқастардың жағдайын қиын.

 

Францияда науқас саны артып барады

Қауіпті вирус Еуропа елдерінде де белең алды. Егер науқас саны бойынша Ресей үшінші орында болса, енді бұл орынға Франция шықты. Онда бір күннің ішінде 38 мың адам вирус жұқтырған. Дәрігерлер қазірдің өзінде ауруханаларда орын тапшы екенін айтады. Кей науқастар көрші Германияға жіберіліп жатыр. Бүгінде Францияның  жансақтау бөлімдерінде 4,5 мың адам бар. Өткен аптамен салыстырғанда бұл мөлшер 20%-ке артық. Италиядағы жағдай да мәз емес. Онда 5 күннне бері 30 мыңнан астам науқас тіркеліп отыр.

 

Румынияда коменданттық сағат жарияланды

Румынияда бүгіннен бастап бір айға коменданттық сағат пен бетперде режимі енгізілді. Жергілікті заңға сәйкес енді тұрғындар түнгі уақытта сыртқа шыға алмайды. Сонымен қатар аймақтағы мектептер қашықтан оқуға көшіп жатыр.

 

Португалияда жылжымалы зертхана жұмыс істей бастады

Португалияның Кашкайш қаласында коронавирус дертіне тестілейтін жылжымалы зертхана жұмыс істей бастады. Өйткені дәл осы шаһарда қазан айынан бастап коронавирус жұқтыру саны күрт өсіп кетті. Жылжымалы зертхана арнайы автобусқа орнатылып, қала, аудандарды аралап жүр. Онда кез келген адам тегін тест тапсыра алады. Бұл – тұрмысы нашар отбасыларын тексеруден өткізу мақсатымен қолға алынған шара.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 73-ші сессиясы өтті

Пандемиямен күрес және екпе мәселесі бүгін Женева қаласында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 73-ші сессиясында талқыланды. 194 елдің денсаулық сақтау министрлері қатысқан шара телеконференция арқылы өтіп жатыр. Сессия қарашаның 14-іне дейін жалғасатын болады.

 

Қытай вакцинасы өзбекстандықтарға егіледі

Бір ел науқастарды тест арқылы анықтауға кіріссе, енді бірі өзінің ғылыми зерттеу бағытын дертке дауа іздеу жолына бұрған.

Алайда вакцина өндіруде үлкен үміт артқан кей компаниялардың еңбегі зерттеудің соңғы кезеңінде сәтсіз аяқталып жатыр. Соның бір дәлелі: AstraZeneca мен Johnson & Johnson компаниясының тақауда шығарған екі препаратының зерттеуі тоқтатылды. Ал Қытайда өндірген вакцина өзбекстандықтарға егілмек. Клиникалық сынаққа 5 мың адам қатысады деп жоспарланып жатыр.

Қазір ол бізбен Өзбекстан астанасынан тікелей байланысқа шыққалы тұр. Қытайлық препараттың ерекшелігі неде? Қазақстандық вакцинадан қандай айырмасы бар.

Жасын Біркенов, тілші:

– Мен Өзбекстанның инновациялық даму министрінің бірінші орынбасарынан сұхбат алдым. Шахло Турдикулова – әрі вице-министр, әрі генетик, биология ғылымдары мен биохимия салаларында ғылыми зерттеулер жүргізген адам. Оның айтуынша, бүгінде әлемде коронавирусқа қарсы вакцина үш жолмен жасалып жатыр. Мәселен, Қазақстанда әзірленіп жатқан препарат дәстүрлі, яғни бұрыннан бар әдіспен өндіріліп жатса, қытайлық вакцина рекомбинантты. Оның мәнін ғалымның өзі сәлден кейін ашып айтып берер. Сұхбаттан үзіндіні бірер сәттен соң ұсынармын. Сонымен қытайлық препарат бірнеше күн бұрын Ташкентке жеткізілді. Жуық арада аспан асты елінен вакцинацияның тілін білетін мамандар келуі тиіс. Олар Ташкенттегі әрбір емханадан он дәрігер мен медбикені іріктеп алып, келесі аптадан бастап оларға арнайы тренингтер өткізбекші.

Шахло Турдикулова, Өзбекстан инновациялық даму министрінің бірінші орынбасары:

– Коронавирустың қандай екенін бәріміз білеміз. Оның үстінде тікенектер бар. Ал бұл рекомбинантты вакцина – вирусы жоқ тікенек. Вирус адам ағзасына кірген кезде тікенектерде антидене қалыптасады. Сол себепті вакцинаны әзірлеу кезінде жасанды тікенек жасалды. Адамды осы препаратпен ексе, біздің ағзамызда антидене пайда болады. Егер коронавирус жұқтырып алсаңыз, бұл антиденелер осы індеттке қарсы төтеп беріп, артынша иммундық жүйе вирусты өлтіреді. 

Хабар 24 телеарнасы