422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузиядағы шерулер коронавирусты өршітті

  • 60
  • UPD: 17:16, 10.11.2020

Грузияда бір аптадан аса күн сайын коронавирусты жұқтырған 3 мыңдай адам анықталып жүр. Ауруханаларда науқастарды емдейтін мамандар жетіспей, бос орын қалмаған. Дабыл қаққан дәрігерлер індеттің өршуін елде өтіп жатқан шерулермен байланыстырып отыр. Ал оны парламенттік сайлаудың нәтижелерімен келіспеген оппозиция ұйымдастырып жүр.   

Грузияда наразылық шерулері тыйылар емес, керісінше күшейіп келеді.  Дәрігерлер осы жағдайға алаңдап, індет одан әрі дендеп кетеді деп қауіптенеді. Өйткені қазірдің өзінде олардың коронавируспен күресуге шамасы жетпей жатыр. Оның үстіне екі мыңнан аса маман бұл дертті жұқтырып алыпты. Енді олардың орнын толтыру үшін медициналық оқу орындары жоғарғы курстарының студенттері мен зейнетке шыққан дәрігерлер көмекке келді.

Амиран Гамкрелидзе, Грузия ауруларды және қоғамдық денсаулықты бақылау орталығының басшысы: 

- Өз пікірін білдіру еркіндігі - ең маңызды адам құқықтарының бірі. Алайда адамдардың өмірі мен денсаулығы одан жоғары тұр. Сондықтан барлық қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс. 

Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Грузия билігі қарашаның тоғызынан бастап сағат кешкі оннан таңғы беске дейін сыртқа шығуға тыйым салды. Алайда оппозиция өкілдері бұл індетке қатысы жоқ, саяси астармен қабылданған шара деп санайды. Сондықтан Тбилисидің орталығында күні-түні қала береміз деп жариялады. Дегенмен сағат кешкі онға таман парламент ғимараты алдындағы шерушілердің қатары сиреді. Онда тек оппозициялық партиялардың жетекшілері мен жастар қалды.  

Яго Хвичия, «Гирчи» партиясының мүшесі: 

- Диалог жүргізуден басқа амал жоқ. Бірінші күннен бері осыны айтып келеміз. Қақтығыс болуын ешкім қаламайды. Бәрін бейбіт жолмен шешкіміз келеді.

Індет кезінде бұқаралық іс-шараларды тыю үшін билік басындағы партия диалог жүргізуге дайын екенін білдірді. Алайда келіссөздер өткізуге ешкім асығар емес. Шерушілер сайлауды қайта өткізуді талап етіп, алдағы сенбіде ауқымды іс-шара өткізуді көздеп отыр. Ал осы түнде алаңда қалып, ереже бұзғандардың әрқайсысына 600 доллар мөлшерінде айыппұл салынды.

Хабар 24 телеарнасы