422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирустан қандай вакциналар қорғай алады?

  • 83
  • UPD: 21:27, 10.11.2020

Pfizer және BioNTech фармацевтикалық компаниясы жасаған вакцина коронавирустан қорғай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлдігі 90 проценттен асады. Зерттеу нәтижесі бойынша препарат осы күнге дейін барлық сынақтан сәтті өткен. Қазір осы жаңалықты асыға күткен көптеген ел компаниямен келісім жасасып, екпені сатып алуға әзір тұр.

Ғылыми зерттеу жұмысына әлемнің 6 елінен 43 мың 500 ерікті қатысқан. Мамандар препараттың бір де бір жанама әсер бермегенін сеніммен айтып отыр.

Америкалық Pfizer және оның германиялық серіктесі BioNTech компаниясы бірлесіп әзірлеген вакцинаның тиімділігі клиникалық сынақта 90%-дан артық оң нәтиже көрсеткен. Зерттеу жұмыстарына АҚШ, Германия, Бразилия, Оңтүстік Африка, Аргентина мен Түркия елдерінен шамамен 43 мыңнан астам адам қатысқан. Еріктілерге препараттың екі дозасы егілген. Шілде айында басталған клиникалық сынақ қорытындысы бойынша екінші рет егілген екпеден кейін 7 күн өтісімен адам ағзасындағы коронавирусқа қарсы қорғаныс 90 процент болды. Сөйтіп бұл – жаппай сынақтан сәтті өткен алғашқы екпе. Енді Pfizer мен BioNTech АҚШ билігінен осы айда вакцинаны төтенше жағдайда қолдануға рұқсат алмақ.

Альберт Бурла, Pfizer басшысы:

– Бүгін – адамзат пен ғылым үшін ұлы күн. Қанша халық, кәсіпкерлер мен мемлекеттер үміт үзбей сеніп артты. Әлемде вирус жұқтырғандар көбейіп, ауруханалар толу алдында тұрғанда, экономика зардап шегіп жатқан тұста вакцина дайындау шешуші сәт болып тұр. Вакцинаның өндірісі басталып кетті. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 50 млн доза, алдағы жылы тағы 1 млрд 300 млн доза өндіріледі.

Екпе қанша уақытқа қорғайтыны әзірге анық емес. Бірақ BioNTech атқарушы директоры Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында вакцина адамды бір жыл коронавирустан қорғай алады деп үміттенетінін айтқан.

Кей сарапшылар Pfizer жүргізген зерттеудің үшінші сатысы сәтті аяқталғанмен қуануға әлі де ерте дейді. Мәселен, кез келген нәтиже соңғы кезде түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін. Микробиология мамандары мен профессорлардың айтуынша, препараттың зерттеуіне кеткен уақыт тым аз болды.

Пол Дюпрекс, Питтсбург университетінің вакцина зерттеу орталығының басшысы:

– Коронавирусқа қарсы вакцинаның аралық зерттеуі 90 проценттен артық нәтиже көрсетті. Алайда бұл коронавирусты жеңдік деген сөз емес. Бұдан артық вакцина табылмайды деген сөз емес. Індеттен адам өмір бойы қорғанады дегенді де білдірмейді. Вакцина енді ғана жетістікке қол жетізе бастады. Алайда оны миллиардтаған адамға егу үшін әлі де талай еңбек ету керек.

Зерттеу жұымысы толығымен аяқталмаса да, Еуроодақ елдері Pfizer компаниясы өндірген вакцинаның жүздеген млрд дозасын сатып алуға ниеттеніп отыр. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен хабарлап, вакцина қолданысқа шықпайынша халықты барынша қорғанып, бір-біріне қамқор болуға шақырды.

Ал Ұлыбритания премьер министрі Борис Джонсон бұл вакцинаға сенуге әлі тым ерте деп отыр. Оның айтуынша, Лондон ұлттық қызметтің мәлімдемесін күткеннен кейін ғана жаппай екпе егу мәселесін қарастыратын болады.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Мәселе толғымен шешімін тапты деуге асығыстық танытпайық. Білікті мамандарымыздың мақұлдауы мен қауіпсіздік мәселесі толығымен зерттелмейінше, тәуекелге бармаймыз. Сондықтан босаңсымау керек. Тиісті ережені сақтап барынша қорғануымыз керек. 

Джонатан Ван Там, Ұлыбритания бас дәрігерінің орынбасары:

– Біз қазір аурудың екінші толқынындамыз. Вакцина індеттің екінші толқынын тоқтатады деп ойламаймын. Алдағы уақыттағы эпидемиямен күресте нәтижесін берер. Сондықтан вакцинаға ғана сенім артудың қажеті жоқ.

АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткен Джо Байден де осындай пікірде. Демократ елде 13 ғалымнан тұратын топ құрмақ. Сөйтіп коронавируспен күресті мықтап қолға алмақ. Әзірше халықты бетперде киюге шақырып отыр. Оның айтуынша, вакцина қолжетімді болғанға дейін әлі талай адамның өміріне қауіп төнеді. Мәселен, екпенің толық мақұлдануына әлі бірнеше ай уақыт кетпек.

Джо Байден, АҚШ-тың сайланған президенті:

– Препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігіне халық толықтай сенім артуы керек. Ол үшін зерттеу жұмысы мен нәтижесі айқын әрі қолжетімді болсын. Жаппай екпе егу жұмысына әлі талай уақыт кетеді. Оған дейін індет көптеген адамның өмірін жалмауы мүмкін. Сондықтан ауруға қарсы барлық тиісті шара қолға алынсын. Ел президенті ретінде ант қабылдаудан бұрын жоспарланған барлық шаралар іске асырылса деймін.

Ал Трамп әкімшілігі вакцина жөніндегі жаңалықты қуана қабылдады. Вице-президент Майкл Пенс бұл вакцинаны дайындау жұмысына АҚШтың да еңбегі сіңді деген пікір айтты. Ал Pfizer компаниясының өкілдері Құрама штаттар тарапынан ешқандай қаржылай көмек болмағанын айтады.

Америка мен неміс компаниясы бірлесіп жасаған вакцинаның тиімділігі хабарланғаннан кейін әлем нарығында мұнай бағасы өсе бастады. Соңғы мәлімет бойынша қара алтынның Brent маркасы 8 процентке қымбаттап, бір баррелі 42,5 доллардан асып түсті.

Майкл Хьюсон, сарапшы:

– Қор нарығы тығырыққа тірелген еді. Вирусқа қатысты кез келген жаңалық сала жұмысына айтарлықтай әсер етті. Соңғы кездері ақпарат құралдары жағымсыз жаңалыққа толы болды. Сондықтан вакцинаның пайда болуы қор нарығына өз ықпалын тигізді. Бұл жаңалық мұнайдың қашан да энергетикалық өнім екенін еске салды.

Жаңа вакцина инвесторларды құнды активтер сатып алуға итермеледі. Өйткені жер жаһанды жайлаған індетке қарсы дауа табылса, экономиканың бойына қан жүгіріп, мұнайға сұраныс бірден арта түседі. Ал шекара ашылса, халықтың қайта саяхаттай бастайтыны белгілі. Сондықтан ірі ойыншылар нарықтан бұрын қимылдауды ойлайды.

Хабар 24 телеарнасы