425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кореяда дрон-таксилер қызмет көрсетеді

  • 127
  • UPD: 19:09, 11.11.2020

Сеул аспанына алғаш рет әуе таксиі көтерілді. Осылайша Оңтүстік Кореяда қалалық әуе қатынасы қалыптаса бастады. Кореяның бір қаласынан екінші қаласына такси арқылы қашан жетуге болады? 

Коронавирус індеті дрондардың да жұмысына әсер етті. Олар Сеул саябағына келушілерге маска тағуды ескертеді. Пошта жеткізу қызметін де бастаған. Ал енді бірнеше жылдан кейін осындай американдық дронмен тіпті жұмысқа жетуге болады.

Владислав Цой, тілші:

- Бұл құрылғы дронға ұқсамайды. Өйткені одан ауырлау. Мұны кішкентай тікұшақ десе де болады. Салмағы 200 келідей болатын құрылғы пластмассадан жасалған.

Бүгін мына 650 келілік Қытайда жасалған әуе таксиі сынақтан өтті. Ұйымдастырушылар бортқа жолаушы орнына 20 келіден төрт қап күріш салды. Дрон электр қозғалтқышында жұмыс істейді, сондықтан ол тікұшақ сияқты шулы емес.

Дрон елу метр биіктікте бір шақырым сегіз жүз метр ұшып өтіп, қажетті нүктеге аман-есен қонды. Корея үкіметі биыл жазда қалалық әуе көлігін дамыту жоспарын ұсынған болатын. Осылайша енді 2025 жылдан бастап Сеулде 30-50 шақырым қашықтыққа таксимен ұшуға болады. Бұл өз кезегінде көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді.

Ли Ран, Корея жер, инфракұрылым және көлік министрлігінің бөлім бастығы:

- Кореялық компаниялар да такси-дрондарды жасап жатыр. Менің ойымша, біздің дрондар көп дегенде 5 жыл ішінде пайда болады. Ең бастысы, біз такси және пошта дрондары Сеул орталығында қауіпсіз ұша алатынын көрсеттік. 

Корея үкіметі таратқан деректерге сәйкес, отандық такси дрондары сағатына 300 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады. Мұндай дрон Инчхондағы әуежайдан Сеулге дейінгі 40 шақырым қашықтықты 15 минутта ұшып өтеді. Сапар бағасы жүз долларға дейін болмақ. Десе де, қалалық әуе көлігі нарығында бәсекелестік арта түссе, әуе саяхатының құны арзандауы бек мүмкін.

Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы