423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытай сырттан әкелінетін мұздатылған өнімдерге дезинфекция жасайтын болды

  • 103
  • UPD: 22:04, 11.11.2020

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше соңғы 7 күнде әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 3 млн 600 мыңнан, ал індет құрбандары 54 мыңнан асты. Індеттен ең көп зардап шеккен елдер қатарында АҚШ пен Еуропа елдері тұр. Жағдайдың ушығуына байланысты Италия билігі аймақта толық локдаун жариялайды. Францияда орын жетіспегендіктен науқастар Германияға жіберіліп жатыр. Ресейде жаңа шектеулер қаңтар айының ортасына дейін созылады. 

Коронавирус індеті Еуропаның бірнеше елінде етек жайды. Қазір науқас саны күрт артқан Францияда орын тапшылығы байқалады. Мамандар вирус елдің денсаулық сақтау жүйесіне ауыр тиіп жатыр дейді. Билік дімкәс жандарды неміс клиникаларына көшіру туралы шешім қабылдады. Осы аптада 55 жастан асқан науқастар Германияға жіберіле бастады. 

Патрик Гольдштейн, Лилль қ. жедел жәрдем қызметінің басшысы:

- Өзге елге жіберілген науқастардың жағдайы тұрақты болу керек әрі созылмалы аурулары болмағаны жөн. Жүрек, бүйрек аурулары болса немесе салмағы 100 келіден асса өзге жерге тасымалданбайды. Мамандар алдымен науқастың денсаулығын жіті тексеріп шығуы керек.   

Италиядағы ахуал да көңіл көншітпейді. Елдің бірнеше өңірі эпидемиологиялық қауіптіліктің «сарғылт» және «қызыл» түсті аймағына бөлінген. Елде бүгіннен бастап барлық мейрамханалардың жұмысы тоқтады. Жаңа ережеге сай тұрғындар өздерінің тұрып жатқан өңірінен өзге аймаққа шыға алмайды. Билік өкілдері бүкіл ел аумағында локдаун жариялауды жоспарлап отыр. Нақты шешім қарашаның 15-де белгілі болады.  

БЛИЦ:

- Бүгін әкеме қоңырау шалып едім. Жауап бермеді. Ауруханаға хабарласқанда ковидке шалдыққан барлық дәрігерлер оқшауланғанын естідім. Енді әкемнің жағдайына алаңдап отырмын.  

- Елдің денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүк артылды. Ауруханада басқа диагнозбен жатқан науқастар Ковид-ке шалдығып жатыр. Бұл не масқара?  

Көрші Ресейде қаңтар айының ортасына дейін түнгі клубтар жабылып, мейрамханаларға түнде жұмыс істеуге тыйым салынды. Мәскеуде Жаңа жылдық жәрмеңкелер мен мерекелік іс-шаралар болмайды. Көрмелер мен өзге де мәдени іс-шаралар тек онлайн өтуі тиіс. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшеді. Алтай өңірінде Спутник-Ви ресейлік вакцинасы егілген үш медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Алғашқы екпе клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтпесе де, мемлекеттік тіркеу алған еді. Қазір оны 40 мың волонтерге сынап жатыр. 

Владимир Евсеев, Ресей стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:

- Ресейлік вакцинаны тексеруге уақыт аз болды. Толыққанды сынақтан өткізу үшін көп уақыт қажет, алайда оған мүмкіндік жоқ. Өйткені індеттің екінші толқынынан кейін үшінші мен төртіншісі де келуі мүмкін. Бұл экономикамызға үлкен нұқсан келтіреді. 

Қытай мұнан былай сырттан мұздатылған өнімдер мен тауар әкелген көліктерге дезинфекция жасайды. Жергілікті билік порттағы қызметкерлерде коронавирус анықталғаннан кейін осындай шешімге келген. Инфекция тіпті Үндістаннан келген балық өнімдерінің қаптамасынан да табылды.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы

Хабар 24 телеарнасы